19.04.2016, 12:15
Оқылды: 22

«Жарқыра, Жайық жастары!» атты кеш өтті

????????????????????????????????????

   Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Чапаевта «Мерей» мәдени-демалыс орталығында өткен аталған шара жұртшылықтың үлкен ықыласына оранды.

     Шараға аудан әкімі Әділ Жоламанов қатысты.


     Кешті осындай шараларды өткізуде қағылездігімен, тіл шеберлігімен қазірдің өзінде облысымызға танылып қалған, Теректі ауданы «Теректі жаңалығы» газетінің тілшісі, жас ақын Әділет Орынбасаров жүргізді.

     Бір топ жас ақынның Ақжайық өңіріне келіп, қара сөздің қадірін ұғатын Жұбан елінің жұртшылығымен жүздесуі, балапан жырларын оқуы шын мәнінде поэзияның құдіретін асырар, оған деген сүйіспеншілікті арттырар орайы келген оңды іс болды. Тағы бір қосарымыз, осы мазмұнды шараның аудан орталығында өтуіне мүдделі болған «Жас Отан» жастар қанаты аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Біржан Кухаевтың да ұмтылысын атаған жөн.

     Өнерге берілген жас буынның белін буып, шашбауын көтеру үшін сахнаға шыққан танымал ақын-жыршылар Тілес Жазықбай, Үзілдік Елеубайқызы, Сағынтай Бисенғалиев төл шығармаларын оқыды. Мұның өзі сөз алғалы отырған жас таланттардың аяқалысына ақ батадай болды.

     Облыстық, республикалық айтыстарда көрініп жүрген Бауыржан Мұстафиев Ақжайық еліне жырдан шашу шашты. Көпұлтты еліміздің бір бөлшегі ретінде еңбекте, мәдениет пен білімде Жайықтың қос жағалауын мекен еткен Жұбан елінің биіктігін жырмен мүсіндеді, әнмен әрледі. Ақындық қырының айнасына айналдырды. Бауыржан Шимерденұлының «Ел мен Елбасы» өлеңі «дағдарыстың даңқы дәуірлеп тұрғанда» Призидентіміз Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясаты еліміздің еңсесін түсірмей, кемел келешекке барар жолды белгілеп отырған көрегендігін көркем жеткізсе, Орынбек Меңдіқұловтың «Салыстыру» туындысы қала мен ауыл тіршілігіндегі көз қарықтырар шындықты – толғауы тоқсан тірлшіліктегі жастар арасындағы кейбір келеңсіздікті баяндауымен құнды болды.

     Кеш соңында «Жас Отан» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Әділ Жоламановқа жастармен жұмыстағы қолдау-қамқорлығы үшін Алғыс хат тапсырды. Ол сондай-ақ осы күні 25 жасқа толған Біржан Кухаевты мерейжасымен құттықтап, қызметіндегі табыстары үшін Алғыс хатпен көтермеледі.

     Аудан әкімі Әділ Жоламанов қоңыраулы шараның өтуіне зор үлес қосқан талапкер ақын-әншілерге зор алғысын айтты. Ол Тәуелсіздіктің 25 жылдығы еліміз үшін үлкен той ғана емес, рухани дүниемізді кеңітер, өнердегі орнымызды одан әрі байытар, достығымыздың туын мәңгі желбіретер айшықты белес екенін әңгімеледі, жас таланттардың өрелі өнерде өршіл болуларына тілектестік білдірді.

www.zhaikpress.kz

Тілектес САҒЫН

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале