7.08.2015, 16:14
Оқылды: 16

Жасампаз әрі бейбіт мамандық иелері

kurilis06   Облыстық қазақ драма театры ғимаратында Құрылысшылар күніне арналған мерекелік салтанатты жиын өтіп, оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы қатысты. Әлемдегі ең бейбіт әрі жасампаз мамандық иелерін өңір басшысы айтулы мейраммен шын жүректен құттықтады.

Жалпы, Батыс Қазақстан облысына 2015 жылы «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасының «Өңірлерді дамыту» бағыты аясында Ұлттық қордан 4,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Күні бүгінге дейін жоспардағы 240 мың шаршы метр үйдің 98,8 мың шаршы метрі пайдалануға берілген.

Өңір басшысы салтанатты жиын барысында жанқиярлық еңбегімен және жеке бас үлгісімен ерекшеленген озат құрылысшыларды марапаттады. «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісін Нұрлан Асқарұлының қолынан 8 адам алды. Олар: «Уральскводстрой» АҚ-ның вице-президенті Владимир Бакалкин, «Құрылыста кешенді инжиниринг қызмет атқару» ЖШС-ның директоры Мұрат Бахишев, «Альтаир» ЖШС-ы директорының орынбасары Виктор Дорошенко, «Жайыққұрылыс» ЖШС-нің бас директоры Владимир Кардонский, «ГазПромПроект» ЖШС-ның бас инженері Зоя Комарова, «Кульман» ЖШС-ның директоры Владимир Кульдяев, «Нұртем» ЖШС-ның директоры Темірғали Нұрмұхаев, «СКФ Отделстрой» ЖШС-ның учаске басшысы Александр Стасюкевич.

Сондай-ақ «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының құрметті қызметкері» төсбелгісі «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ-ның Ақсай аудандық электр торабының қалалық учаскесінің аға шебері Николай Балашовқа, «Батыс су арнасы» ЖШС-ы директорының өндіріс бойынша орынбасары Михаил Гороховқа, «Жайықжылуқуат» АҚ-ның өндірістік-техникалық бөлімінің жетекші инженері Бақытбай Дауқариевке, «Жайықжылуқуат» АҚ-ның химиялық су тазарту аппаратшысы Надежда Савицкаяға табыс етілді.

Облыс әкімінің алғысхатымен «Юнисерв» ЖШС-ның бас диспетчері Гүлбарам Айтқұлова, «Болашақ-Т» ЖШС-ы үй құрылыс комбинаты арматура цехының операторы Қуат Балғазиевке, «СВ плюс» ЖШС-ның сылақшысы Марфуға Қалиева және тағы да басқа ұзын-саны 15 адам марапатталды.

Қала әкімі Алтай Көлгінов құрылыс саласында айрықша еңбек сіңірген бір топ азаматқа ҚР Ұлттық экономика министрінің, ҚР Инвестиция және даму министрінің Құрмет грамоталары мен алғысхаттарын тапсырды.

Мерекелік шара соңы үлкен концерттік  бағдарламаға ұласты.

          www.zhaikpress.kz

Тоқтар  ҒАБДІРЕШҰЛЫ

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале