19.03.2015, 11:42
Оқылды: 24

Жастарды сайлауға қатысуға ынталандырмақ

sck_poster


Алдағы ҚР Президенттік сайлауды қолдау мақсатында «Сенің дауысың – сенің болашағың» атты республикалық постерлер байқауы жарияланды.


Байқаудың басты мақсаты – сайлау туралы креативті идеялар арқылы тұрғындарды сайлауға қатысуға ынталандыру және азаматтық қоғамның біртұтас құқықтық санасын қалыптастыру. Бұл туралы ОКҚ-ның Алматыда өткен баспасөз  мәслихатында  айтылды.

Сайлауға белсене қатысуға үндейтін байқауды «Қаламгер азамат» жас журналистердің қоғамдық қоры мен Қазақстанның Суретшілер одағы және «АйТи» компаниялардың қауымдастығы ұйымдастырып отыр. Оған еліміздің барлық азаматы қатыса алады. «El.kz» әлеуметтік желісі негізінде өткізілетін байқауға жұмыстарды 17 наурыздан бастап  20 сәуірге дейін жіберуге болады. Халық таңдаған 3 үздік жұмыстың арасынан  ұйымдастырушылар мен өнер адамдарынан құралған қазылар алқасы  бас  жүлдені  анықтайды.

Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Байтұрсын Омарбековтің айтуынша, бұл бастама дарынды жас суретшілерді танымал етіп қана қоймайды, сонымен қатар осындай тәсіл арқылы сайлаушыларды, әсіресе, жастарды сайлау науқанына қатысуға ынталандыра түседі. Өйткені жастардың әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланатыны белгілі.

Бір айта кететін жәйт, белгілі бір кандидатқа дауыс беруге шақыратын, үгіт-насихаттық сипатқа ие жұмыстар қабылданбайды. Үздік жұмыстар қайтадан әлеуметтік желіге, БАҚ-қа беріп, халыққа кеңінен таратылады, сайлау учаскелерінде, көшелердегі билбордтарда ілінеді.


Мәди ЫҚЫЛАС

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале