15.09.2016, 19:03
Оқылды: 47

Жастар "мүлдем төзбеушілік" қағидатын қолдайды

zamanЕлбасы "Қазақстан-2050" стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Жолдауында қоғамда ұсақ құқық бұзушылықтарға қарсы "мүлдем төзбеушілік" қағидатын қалыптастыру керектігін айтқаны белгілі. Содан бері бұл бағытта мемлекеттік органдар ұйымдастырған іс-шараларға бірқатар үкіметтік ұйымдар да белсене қатысуда.


Солардың қатарында облыстық ішкі саясат басқармасының əлеуметтік тапсырысы негізінде "Заман" жастар қоғамдық бірлестігі жастар арасында қоғамдық тəртіпті сақтауды насихаттау, қылмыстың алдын алу мақсатында бірқатар жобаларды қолға алған болатын. Бұл жайында "Нұр Отан" партиясының кіші мəжіліс залында өткен дөңгелек үстел отырысында бірлестік төрағасы Асхат Өкшебаев баяндады.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдары ұйымдастырған рейдтерге бірлестік мүшелері де қатысып, түнгі ойын-сауық клубтарында ата-ана қарауынсыз жүрген кəмелеттік жасқа толмағандарға қатысты жəне бала еңбегін қанау деректерін анықтауға үлес қосқан.

Сондай-ақ жоғары оқу орындарында қолға алынған "Таза сессия" акциясы аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында түсіндірме-ақпараттық жұмыстары жүргізілген. Мəселен, профессор-оқытушылары құрамымен кездесу, студенттер арасында сауалнамалар ұйымдастырылған. VK əлеуметтік желісінде онлайн парақша ашылған.

Дөңгелек үстелде ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің БҚО бойынша департаментінің өкілі Біржан Хайруллин 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы жəне оның іске асырылуы жөнінде баяндама жасады.

Ал "Орал қаласы студенттер альянсы" корпоративтік қорының атқарушы директоры Оралбек Жандауов жастардың "мүлдем төзбеушілік" қағидатын жүзеге асыруға ынталы екенін жеткізді.

Нұртай Текебаев

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале