21.04.2016, 17:07
Оқылды: 22

«Жас ұрпақ тәрбиесіндегі діннің орны» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды

Akjayik musilmanmin kaude sogip     Ақжайық ауданының Мерген ауылында орта мектептің дінтану пәнінің мұғалімі Қазбек Мүтиұлы «Жас ұрпақ тәрбиесіндегі діннің орны» атты «дөңгелек үстел» ұйымдастырды.


    Шараға аудандық мешіттің бас имамы Ерлан Бауыржанұлы мен «Таным» деструктивтік діни ағымдардан қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрман Жанұзақұлы мектебіміздің 9 – 11 сынып оқушыларының сұрақтарына жауап бере отырып, Ислам дінінің құндылықтары жайында кеңінен баяндады. Дін – парасаттылыққа, адамгершілікке, қайырымдылыққа, төзімділікке, ұстамдылыққа, сыйласуға, ел мен елдің арасын жақындатуға, табыстыруға қызмет ететін үлкен рухани күш. Осы күштің құдіреттілігін түсіне алмасақ, адасамыз. Өкінішке қарай, «дұрыс» дін іздеп, алданып, шетел асып жатқан кейбір жастарымыздың қате басқан әрекеттері жұртымыздың жанын күйзелтуде.

     Ата-бабаларымыз мың жылдан астам уақыттан бері ұстанатын Исламнан алған иман нұрымен ұлдарын батыр, қыздарын инабатты етіп тәрбиелеп өсірді емес пе?! Енді келіп, бір білгішсымақ бәзбіреулер айтып жүргендей, соның бәрі қате болғаны ма? Жоқ, керісінше, дана халқымыздың рухани сүзгісінен өткен дінімізге сызат түсіруге ешкімге жол беруге болмайды. Теріс болмысқа қарай адасқандар елдің ынтымағына нұқсан келтірері кәміл. Бұған байқам қарауға тиісті емеспіз. «Дөңгелек үстелдегі» әңгіме осылай түйінделді.

     Өз ұлтының бай тарихын, мұрасын білмейтіндер Ұлы дала елінің ертеңіне қалай ие болады? «Мұсылманмын» деп, кеудесін соғатындар, ал дағдысы, түсінігі күмәнділер – өз Отанын сүймейтіндер. Мұхаммед пайғамбардың өзі: «Біріккенге береке бар, ыдырағанға азап бар» дейді. Яғни, Исламның көздегені – бірлік! Сол себепті, біздің діни ұстанымымыз – ел бірлігі болуы тиіс. Сонда ғана Алаш ұшпаққа шыға алады. Сөз алған оқушылар бұл жайында түйіп-түйіп айтты.

www.zhaikpress.kz

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале