8.04.2016, 17:35
Оқылды: 42

Жауынгер-интернационалист Радик Каймульдиновты еске алуға арналған тағлымды шара өтті.

 Shingirlau eske aldi    7 сәуір күні Шыңғырлау ауданы орталығындағы Ауған соғысы ардагерлері саябағында жауынгер-интернационалист Радик Каймульдиновты еске алуға арналған тағлымды шара өтті.

     Аталмыш шараға аудан орталығындағы екі мектептің 9 сынып оқушылары, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері, Шыңғырлау колледжінің студенттері және мекемелер ұжымдары қатысты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен оздырылған ізгі шараға жерлес жауынгердің қарулас достары шақырылып, Бөрлі аудандық ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жетпісбай Бектеміров, досы Нұрбек Кутембетов сөз сөйлеп, жастығы жалынға оранған сол кезеңдердегі естеліктерімен бөлісті.


     Жерлес жауынгер тағдыры туралы тоқтала кетсек, халықаралық келісімге сәйкес еліміздің Ішкі әскерінің 2 мыңнан астам сарбазы мен сардары 1993-1999 жылдар аралығында ұрыс қимылдары жүріп жатқан Тәжік-Ауған шекарасын күзетуге қатысқан болатын. 1995 жылдың 7 сәуірінде Памир тауының Пишевар шатқалындағы қанды қақтығыста қазақстандық 17 сарбаз қаза тапты. Осы құрамның ішінде біздің жерлесіміз де бар еді. Шара соңында жауынгердің әкесі Бақтыгерей Каймульдинов ерлікті ұлықтаған, ұлын ұмытпаған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

www.zhaikpress.kz

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ     

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале