24.05.2016, 19:58
Оқылды: 25

Жаңақазандағы дала қызықтары

 Jakala dala kiziktari   Бүгін Жаңақазан ауылының жұртшылығы үшін ерекше, есте қаларлықтай күн болды. 1996 жылы М.Жүнісов атындағы жалпы орта білім беретін мектебін тамамдаған жаңақазандықтардың ұйымдастыруымен дала қызықтары өтті. Солардың ішінде «Достар» шаруа қожалығының жетекшісі Думан Қарағойшин, «Шайқыбай» ШҚ-ның жетекшісі Дәріжан Қарағойшин және «Кенжеғалиева Бақыт» ШҚ-ның жетекшісі Мырзахмет Бияшовтардың ұйытқы болуымен, екі қашықтықтағы ат бәйгесінің жүлдесіне 30 қой тігілді. Игілікті шара аудан әкімі Л.Хайретдинов, аудандық «Жаңарған өңір» газетінің редакторы Ө.Ақбасов арнайы қонақ ретінде қатысты. Бәйге десе делебесі қозып, қиқу қосып «ер қанаты – ат» деп желпінетін халықтың да қарасы да көп болды.


  Жүргізушінің хабарлауынан соң, бірден 18 шақырымдық аламан бәйгеге кезек берілді. Жаңақазандық шабандоздар ғана қатысқан аламан бәйге алты айналымнан тұрды. Қаз қатар сап түзеген жараулы аттар, далиған дархан дала төсін дүбірге толтырып, көз ұшында сағымға айналып бара жатты. Халқымызда «ат шаппайды, бап шабады» деген мағыналы сөз бекерден бекер айтылмаса керек-ті. Иә, жарыс болған соң жүзден жүйрік сәйгүліктер шығатыны ақиқат. Соңғы айналымдарда  алдына қара салмай, мәреге дара келген Жетпіс Айтқалиевтың күрең аты I орынды (10 қой) қанжығасына байлады. Ал, Дархан Мергеновтың қылқұйрығы II орын алса (7 қой), Арманай Ибатовтың тұлпары III орынды (3 қой) олжалады.

    Сондай-ақ, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер» демекші, 12 шақырымдық сында  I орынды (5 қой) «Достар» шаруа қожалығының сәйгүлігі (атбегі Асхат Ерешев), II орынды (3 қой) «Дәурен» шаруа қожалығының жиренқасқасы (атбегі Алексей Кереев, III орынды (2 қой)  «Болат» шаруа қожалығының торы аты (атбегі Аман Болатов) еншіледі. Мұнан кейін арқан тартыс бөлімінде жуалыойлық жігіттер ешкімге дес бермей, жеңімпаз атанып, 10000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

   Сонымен қатар, бұл күні 2 салмақ дәрежесінде балуандар күресіп, бақтарын сынады.

   Ұлттық спортты ұлықтау мақсатымен өрбіген шара көптің көңілінен шықты. Күйбең тірліктен қажыған ауыл халқының бір сәт болса да мерейлері артып, көңілдері шад-шадыман болғандары даусыз. Ауылдастарына азаматтық, жомарттық жасап, елім, жерім деген аға-апаларымызға Алла разы болсын дейміз!

www.zhaikpress.kz

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале