1.06.2016, 18:22
Оқылды: 28

Жаңақалада бақытты балалық шақтың бал мерекесі тойланды

SONY DSC

   Жаңақала ауданындағы Достық алаңында  1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік шара өтті.

    Мерекелік шараға аудан әкімі Л.Хайретдинов қатысып, балаларды мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.


   Мерекелік шара көңілді көрініспен ашылды. Сахнаға көтерілген сараң хан айтқанын екі етпейтін нөкерлерімен мақтанып, олардың өнерін тамашалайды. Одан әрі мерекені қыздырып, ханның көңілін көтеругетырысқан балалар бірі әуелете ән салса, бірі мың бұрала би биледі, енді бірі жырдан шашу шашты.  Әсіресе көрермендер «Үнді» биін мың бұрала билеген ең жас өнерпаз А.Ермекқалидың өнеріне риза болса, «Батырлар» биін билеген Жауқазын балабақшасының балдырғандары мен «Сарбаздар» биін сылана билеген «Балбөбек» балабақшасының бүлдіршіндері мерекелік шараның көркін қыздырды. Одан әрі Шығайбай мен Бәйбіше көрінісін тамашалаған бүлдіршіндер ертегі кейіпкерлері Таусоғар, Желаяқ, Алдар Көсе, Қожанасыр, Бай, Буратино, Мальвинамен флешмоб билеп, ертегі әлеміне саяхаттады.

  Бұдан бөлек Достық алаңында балалардың ұлттық ойынға қызығушылығын ояту мақсатында ер балалар арасында асық, бестабан, арқан тартыстан жарыс өтіп, қорытындыланды. Балалар аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының ұйымдастыруымен «Әрқашан күн сөнбесін!» атты асфальтқа сурет салудан жарысып, бір-біріне аквагрим жасап, әр түрлі аңдардың бейнесін сомдады.

   Бұл күні аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен өтетін аудандық «Гүлдер шеруі» байқауы да өз мәресіне жетті.

www.zhaikpress.kz

Н.ЕСЕТОВА

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале