14.09.2015, 14:00
Оқылды: 26

Жаңақалада жәрмеңке жалғасын табуда

Janakala jarmenkejalgasin tabuda   Жаз айларының аяғын ала бере басталған көпшілікке қолайлы, жұртшылыққа тиімді жәрмеңке 12-ші қыркүйекте жалғасын тапты. Бұл күні де қарақұрым халық ертелетіп орталық базар алаңына жиналды. Аталмыш жәрмеңкенің мақсаты – ауыл тұрғындарын толыққанды ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп, азық-түлік тауарларының бағасын төмендетіп, оларды кедергісіз халыққа жеткізу. Өткен сенбі де Көпжасар ауылдық округі мен Пятимар ауылдық округі қолжетімді бағамен өз өнімдерін ұсынды. Қарбыз-қауынымен облысқа танымал тайпақтық саудагерлерде төбе көрсетті. Сонымен не керек бұл жәрмеңкеде төрт түлік малдың етінен бастап, жеміс-жидектің түр-түрі, сүт өнімдері де саудаға түсті. Пятимарлық ағайындар сиыр етінің 1 килограмын 900 теңгеден сатса, қой етін 800 теңгеден асырмады. Көпжасар ауылдық округінен әкелінген қаймақ пен май, сүт пен айран бірден өтсе керек, бағасын да біліп үлгермедік.

Жеміс-жидектерде халыққа қолайлы бағамен саудаланды. Мәселен тайпақтықтар қарбыздың келісін 15 теңгеден, қауынды 40 теңгеден сатса, жерлестеріміз қиярдың килосын 60 теңгеден, қызанақты 70 теңгеден, асқабақты 60 теңгеден, қырыққабатты 40 теңгеден, картопты (1 қап) 1000 теңгеден сатты. Өкінішке орай бұл күнгі жәрмеңке де балық, басқа да кейбір керекті өнімдер сатылған жоқ. Жәрмеңкенің бір ерекшілігі-көпжасарлықтар өз өнімдерімен бірге өнерпаздарын да ала келіпті. Халықтың көңілдері қолжетімді тауарда болса, құлақтары тамылжыған ән, күмбірлеген күйде болды.

Аудан жұрты жергілікті сауда орындарынан бағасы әлдеқайда төмен, әрі қара халыққа пайдалы осындай жәрмеңкелер біраз уақытқа дейін жалғасса деген тілек білдірді.

www.zhaikpress.kz

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале