25.03.2016, 15:38
Оқылды: 24

Жаңақалада су мәселесін талқылады

Janakala su maselesi talkilandi    Жаңақала ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Л.Хайретдиновтің төрағалығымен кеңес отырысы өтті.

Ауданымыздағы өзекті мәселелердің бірі – көлтабандарға су алу мәселесі. Осы бағытта өрбіген кеңеске «Орал-Каспий» бассейіндік инспекциясы директорының орынбасары Ғ.Азидуллин, «Қазсушар» РМК БҚФ директорының орынбасары Т.Гумаров, аудан әкімінің орынбасары Д.Закарин, «Қазсушар» РМК БҚФ Жаңақала аудандық учаскесінің инженер-гидротехнигі Е.Төлеуғалиев, аудандық ауылшаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Семенов және ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалық басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.


Кеңес отырысының күн тәртібіне бір мәселе ұсынылды. Ол 2016 жылы аудан көлемінде көлтабандарға көктемгі су алу мәселесі еді.

Алдымен аудандағы судың бүгінгі жай-күйі туралы толғап, өткен жылдарда келген судың мөлшерін салыстырмалы түрде қозғап, атқарылған істер мен қажетті, қаперге алатын жұмыстарды қаузап «Қазсушар» РМК БҚФ Жаңақала аудандық учаскесінің инженер-гидротехнигі Е.Қамысбайұлы баяндама жасады. Мұнан кейін сөз алған «Қазсушар» РМК БҚФ директорының орынбасары Т.Гумаров:

-Биылғы жылы Жайықтан су орта деңгейде келеді деген болжам бар. Жалпы су жөнінде бағдарлама жасалды. Қарасу лиманына су жіберуді 20 наурызда бастаймыз. Қазір Дөңгелектен 9 текше метр су түсуде. Көлтабандарға 7 сәуірге дейін максималды су алынады. Алайда, су ысырабы өте көп... Сонан кейін Сәнкібайға 2 апта су беріледі. Сондай-ақ, Қарасудан кейін Ақбалшық, Соркөл, Қисыққамыс көліне жібереміз.

Қараөзен, Сарыөзеннен су алу жөніндегі мәселемен Ресейге өкілдер аттанып кетті. Келгесін жоспар жасалады. Бүгінгі таңда келер судың деңгейін білмей отырмыз. Өткен жылы су өте аз келді. Негізінен жыл сайын 79млн. текше метр су алатын едік. Биыл 48 млн. текше метрге ғана бөлінген ақша жетіп отыр. Бұл мәселе әлі де шешілген жоқ. Дегенменде жұмыстанып жатырмыз. Шешілмесе жағдай өте ауыр болайын деп тұр. Сондай-ақ, Мұқырды былтыр кептіріп алып едік, биыл басты назарда ұстаймыз. Және де Сәнкібай каналының көтеретін жерлерін көтереміз. Ауысатын қақпалар да ауыспай қалды. Оларды да ескереміз.  Айта кетсек, былтыр судың құны 1 теңге 40 тиын, биыл 1 теңге 60 тиын болды. Берген суға ақы алынады,-деген ол аудан әкімінен аудандағы 5000 га лиманды құжаттарын дайындап, «Қазсушарға» беруін сұрады.

Ал,«Бірлік» мал зауытының директоры Қ.Ешимов:

-Су мәселесі уақытылы көтеріліп отыр. Жоғары Сәнкібайға біраз су алынды. 7 сәуірге дейін су алынатын болса, біз үлгермейміз. Себебі, қақпалардың бәрі су ұстап тұратын болса 2 аптада су алуға болады. Шындығына келсек, қақпалардың біреуі де су ұстамайды. Енді амал жоқ қаппен бітеп алуымыз қажет. Қазір 25 лиманнан бастап су толып тұр. Алайда, біздің лиманда су жоқ. Су далаға кетуде. Әркім бір қожайын. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ па? Неге әр жерден бітеп алады?... Сонымен қатар, біз алты қақпаны ғана жөндеп ұстап тұрмыз. Бәріне бірдей күшіміз жетпейді. Ендігі жерде тәртіп болмаса су ысырап болып, ауыл түгел суға кетуіде ықтимал. Екінші мәселем – Ақбалшық. Бұнда да былтыр суды кеш алдық. Ақы төлейміз, суды кеш береді, әрі толық та бермейді. Су көп жерлерге жетпейді. Жолдағы шаруа қожалықтары каналды бітеп алып, қиыншылық келтіреді. Биыл шөп қорымызды да тауыстық, су келмесе жағдай өте ауыр болады. Су алуда жүйе, тәртіп керек,-деп осы тақырыптағы кейбір келеңсіздіктердің жай-жапсарын ашық жеткізді.

  www.zhaikpress.kz

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале