26.08.2016, 10:56
Оқылды: 25

Жаңақалада ұлағатты ұстаздар ұлықталды

Жаңақалада ұлағатты ұстаздар ұлықталды   2015 жылы Жаңақала аудандық білім беру бөлімінің алдына еліміздің бас қаласы Астана күніне орай аудан ұстаздарының құрметіне тұңғыш рет Құрмет тақтасы орнатылған болатын. Құрмет тақтасына ауылдық округ әкімдерінің ұсынысы негізінде тәжірибелі, білікті, шәкірттері биік белестен көрініп жүрген ұлағатты ұстаздар ұсынылды. Олар 1 жыл бойы Құрмет тақтасында тұру құрметіне ие болған еді.


   Қазіргі таңда ауданымыз бойынша 926 ұстаз болса, солардың ішінен жүзден жүйрік бола білген мақтаулы мұғалімдерімізді құрмет тұтып, ел үшін еткен еңбектерін елеп барша халыққа өнеге ретінде көрсету дәстүрге айналды.

   Бұндай игі іс биыл да өз жалғасын тапты. Бүгін аудандық білім беру бөлімінің алдында салтанатты жиын өтіп, оған аудан әкімі Лавр Хайретдинов бастаған тұрғындар қатысты.

  Алдымен құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Л.Рашидұлы Құрмет тақтасының өскелең ұрпақ үшін мәні мен маңызы зор екенін айтып, ұстаздар қауымына жүрекжарды тілегін жеткізді. Сондай-ақ, ол өткен 2015 жылы Құрмет тақтасында тұру құрметіне ие болған ұстаздарға куәлік табыстады.

   Мұнан кейін ұстаздар атынан Е.Орақбаев атындағы ЖОББМ-нің физика пәнінің мұғалімі  Жұмағали Рамазанұлы сөз алып, аудан әкімдігі мен аудандық білім беру бөлімінің басшыларына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, ардагер-ұстаз Назымсұлу Өтешова да құттықтау сөз сөйледі.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ

Жаңақала ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале