20.03.2016, 12:26
Оқылды: 34

Жаңақала ауданында 24 сайлау учаскесі жұмыс жасауда

 Janakala sailau Жалпы Жаңақала ауданы бойынша бүгін 24 сайлау учаскесі жұмыс жасайды. Біз солардың бірі №127 Қисыққамыс сайлау учаскесіне ат басын тіредік. Сайлау комиссиясы сағат 6.30-да түгел орнында, сайлаушыларды қабылдауға сақадай сай әзір отыр екен.


Учаскедегі әсем әуен де келушілерге жақсы көңіл күй сыйлағандай әсер беруде. Сайлау комиссиясының төрағасы Ж.Бақтыгереевті сөзге тарттық.

-Біздің сайлау учаскесі бойынша 1300 сайлаушы бар. Қазірге дейін келіп дауыс бере алмайтын 25 сайлаушы тіркелді. Олардан сайлау жәшігімен комиссия мүшелері үйлеріне барып, сайлалаушы ретінде өз таңдауларын білдіруге жағдай жасаймыз.

Сол сияқты алғаш дауыс беретін 3 жас сайлаушымыз бар. Оларды марапаттауды да ойластырдық. Ең жасы, үлкен сайлаушымыз 94 жастағы еңбек және соғыс ардагері Мұрат Мирманов атамыз. Ол кісі даусын үйден береді. Жалпы сайлаушыларымыздың дауыс беруіне барлық жағдай жасадық, - деді ол.

Сағат таңғы 7.00-де сайлау учаскесі салтанатты жағдайда ашылды. Ел гимні орындалғаннан кейін №127 сайлау учаскесіндегі сайлау комиссиясының төрағасы Ж.Бақтыгереев дауыс беру басталғанын хабарлап, келушілерді халықтық меркемен құттықтады.

Жаңақала ауданының әкімі Л.Хайретдинов, аға буын өкілі, еңбек ардагері К.Ілиясов бүгінгі меркеге орай өз тілектерін білдірді.

-Әр адам өз таңдауын жасап, дауыс беру арқылы ел билігіне араласа алады. Бүгінгі мерекенің сәтті өтуіне тілектеспін,-деді аудан басшысы.

Мұнан кейін дауыс беру басталып кетті. Ала таңнан дауыс беруге келіп, өз таңдауларын жасауға асыққандардың көптігінен ауылдастарымыздың өз парыздарын дұрыс түсініп, сайлауға атүсті қарамайтынын аңғаруға болатын еді.

Арнайы қойылған қоғамдық бақылаушылар орны да бос емес екен. Ерте келіп отырған бақылаушылардың бірін сөзге тарттық.

-«Нұр Отан» партиясы қоғамдық бірлестігіненмін. Сайлаудың дұрыс өтуін бақылап отырмын. Әзірге бәрі заңды,-деді Гүлсім Таменова.

Жалып бүгін сайлаушылар 6 партиядан, облыстық мәслихатқа ұсынылған 3 үміткерден және аудандық мәслихатқа ұсынылған 3 үміткерден бірін таңдап, өз қалаулары бойынша дауыс береді.

Сағат 8.00-де осы сайлау учаскесі бойынша 126 сайлаушы дауыс бергені туралы мәлімет алдық. Бұл учаскедегі барлық сайлаушының 9,7 пайызы.

Біз осы сайлау учаскесінде отырып, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы М.Жұмалиевке телефон шалдық.

-Аудан бойынша 12 сайлау округінде 24 сайлау учаскесі жұмыс жасауда. Аудан бойынша 14104 сайлаушы бар. Дауыс беру басталғалы 1 сағат ішінде 1219 адам дауыс берді. Жаңақалалықтар қай сайлауда да 100 пайызға жуық дауыс береді. Бүгінде сол деңгейде болады деп сенуге болады,-деді ол.

www.zhaikpress.kz

Ө.АҚБАСОВ

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале