16.11.2015, 19:25
Оқылды: 17

Жаңа нарықтарға жол ашылды

Albina01  Өзара тиімді қарым-қатынас тәсілдері қаралды, іскерлік байланыс аясы кеңейіп, жаңа серіктестер табылды. Бұл Орынборда өткен V Еуразиялық экономикалық форумға қатысқан батысқазақстандық делегацияның жетістігі.

Үш күн бойы іргедегі Орынборда бас қосқан бірнеше мемлекеттің билік пен бизнес саласының өкілдері еуразиялық кеңістіктегі түйіткілді мәселелер мен келешек ынтымақтастықты, өңірлердің экономикалық ықпалдасу үрдістерін одан әрі нығайту, ресурстарды үнемді әрі дұрыс пайдалану, ортақ мақсаттарға бірлесіп жету үшін тәжірибе алмасу проблемаларын жеріне жеткізе талқылады. Жерлестеріміз форум аясында ұйымдастырылған халықаралық инвестициялық-инновациялық жобалар көрмесіне, семинарларға, дөңгелек үстел отырыстары мен іскерлік кездесулерге ерекше белсенділікпен қатысты. Бұл туралы газет тілшісіне облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов кеңінен баяндап берді.


«Форумға қатысу біздің кәсіпорындар үшін айрықша пайдалы болды деп сеніммен айта аламын. Тек көрменің өзіне 20-дан аса компания әкелдік. Оның сыртында дөңгелек үстел, семинарларға, өзге де шараларға қатысқандар толып жатыр. Форум – бұл кәдімгі бетпе-бет жүздесу, сөйлесу, келісімге келу құралы. Оны ешқандай интернет арқылы хат жазысу алмастыра алмайды»-деді Игорь Стексов алқалы жиынның маңызы туралы айта келе.

Форум аясында болған Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінің іскерлік байланысы туралы дөңгелек үстел отырысында И.Стексов Батыс Қазақстан облысының өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені саласындағы қолға алынған жоба-жоспарлармен, сондай-ақ, қазақстандық-ресейлік бірлескен кәсіпорындардың жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-ы Ресей Федерациясына мұнайгаз жабдықтарының қосалқы бөлшектерін, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ы май мен газды ауа арқылы салқындату аппараттарын, мұнай қыздыру пештерін, «Казтрубпром» ЖШС-і насостық-компрессорлық тұрбаларды, «Кроун Батыс» ЖШС-і Мәскеу мен Тольятиге ет және ет өнімін, «Кублей» ЖШС-і қалбардағы ет өнімін, «Жайық Ет» ЖШС-і шұжық өнімін экспорттайды. «Орал механикалық зауыты» АҚ-ы, «КазАрмапром» ЖШС-і де көршілермен тығыз байланыс орнатқан. Қос мемлекеттің кәсіпкерлері бірлескен кәсіпорындар құруда белсенділік танытуда. Мысалы, 2014 жылы Краснодар өлкесі мен Оралдағы «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ-ы бірлесіп, «Мартин» деп аталатын жаңа кәсіпорын ашты. Келешекте «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-ы Ресейдің «Газпромавтоматика» АҚ-ымен бірге газ тарату шкафтарын жасауға, «ИТ Сервис» кәсіпорнымен бірге металлографиялық зерттеулер орталығын құруға мүдделі. Ауыл шаруашылығы саласында жергілікті шаруа қожалықтары Ресейдің шекаралас аймақтарынан асыл тұқымды ірі қара малын, дәнді дақылдар тұқымын сатып алуда. Тұтас алғанда, ағымдағы жылдың 8 айы ішінде Батыс Қазақстан облысының Кедендік одақ елдерімен сыртқы тауарайналымы 330 млн. АҚШ долларын құраған. Оның 294,6 млн. АҚШ доллары Ресейдің үлесіне тиеді.

Albina02

Форум аясындағы көрме барысында біздің кәсіпорындар өз мүмкіндіктерін паш етті. Атап айтқанда, Орал трансформатор зауытының өнімі негізінен экспортқа бағытталған. Дегенмен, осы кезге дейін орынборлықтармен іскерлік байланыс орнатудың сәті түспей келген еді. Көрмені аралап жүрген Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг оралдық кәсіпорын өкілдерінің жұмысымен танысты. «Үш күн ішінде біз өндірген сапалы өнімге мұқтаж ресейлік серіктестермен келіссөз жүргіздік. Мәселен, Магниогорск металлургия зауытының адамдары дилерлік құжат алып, біздің өнімдерді өз аймағында сатуға ниет білдірді. Олар алдағы жылғы сатып алу жоспарын көрсетті. Яғни, 2016 жылы бізде міндетті түрде тапсырыс болады. Сондай-ақ, Орынбордағы трансформатор шығаратын кәсіпорындармен де әріптестік байланысты жолға қойып отырмыз. Бір сөзбен айтқанда форум біз үшін өте пайдалы болды. Жаңа нарықтарға жол ашылды» - дейді зауыттың басқарушы директоры Асқар Ажаев.

Albina03

 

www.zhaikpress.kz

Альбина БАЙҚОНАҚОВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале