26.02.2015, 17:27
Оқылды: 17

Жаңа нарыққа ЖОЛ АШЫЛУДА


 Еліміздің біраз өңірінде нысандарды жобалау және құрылыс саласында нәтижелі еңбек етіп келе жатқан көпбейінді «KazConstructionGroup» ЖШС полиэтиленді тұрбалар шығару жобасында сәтті жүзеге асыруда.


Кәсіпорында «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған жылы-ақ жоғары қысымға шыдамды полиэтилен құбырын шығаратын өндіріс зауыты іске қосылды. Осы өндіріс ошағының іске қосылуы нәтижесінде 35 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл жерде диаметрі 20-1200 мм болатын, 25 атмосфералық қысымда жылына 11 мың тоннадан астам құбыр шығарып, олар өзіміздің өңірді айтпағанда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы облыстарына жөнелтіледі.

Білікті мамандардан құралған комиссия құбырларды дәнекерлеп сынап, оларды белгіленген қысымға, температураға төзімділігін, мықтылығын дәлелдеді. «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ-ның облыстық филиалы бұл өнімдер еліміздің газбен, сумен қамту жұмыстарына пайдалануға жарамдылығын растап, сәйкестік сертификатын табыстады.

«KCG» ЖШС-ы әлеуметтік жауапкершілікті де назардан тыс қалдырмай, бірқатар жобаларды жүзеге асырды. Жыл сайын «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауаптылығы бойынша байқауына қатысып келеді. 2011 жылы аталмыш байқауда «Үздік ұжым-дық шарт» аталымында қола жүлде алды. ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы сайысына белсенді қатысқаны үшін марапатталды.

Аталмыш компанияның бас директоры Мұратбек Мұхамбедиевтің айтуынша, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде «Kaz-ConstructionGroup» ЖШС-да шығарылатын полиэтилен құбырлары кеңес заманы кезіндегі шойын құбырлардан әлдеқайда сапалы. Таттанбайды. Мұның өзі тұтынушылар үшін қолайлы. Жоғары сапалы құбырлар қоғамдық өндірістік ғимараттар мен тұрғын үй құрылысына, орта және төменгі қысымдағы газбен, сумен жабдықтау желістеріне, кабельді байланыс желісіне және өзге де салаларда пайдаланылады. Сөйтіп, ҮИИД бағдарламасы кәсіпорын қанатының қатайып, қарыштап дамуына ерекше серпін беріп, нарықтық экономикада бәсекеге қабілеттілігін арттырды.


 Ақмоншақ ЖҰМАЕВА,

“Орал өңірі”

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале