4.05.2016, 19:04
Оқылды: 21

Жаңа нормалар енгізілуде халықаралық тәжірибе ескерілді

Shavhad Otemisov      Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов өңіріміздегі зиялы қауым өкілдерімен және мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесті.

         Облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшардың төрағалығымен өткен жиында Шавхат Өтемісов Мәжілістің регламенті бойынша депутаттар тоқсан сайын аймақтарға іссапарға шығып, заң шығарушы органдардың атқарып жатқан жұмыстары, алдағы жоспарларын баяндап, қоғамда орын алып жатқан маңызды оқиғалар турасында өңір тұрғындарымен ой бөлісетінін жеткізді. Соған сәйкес Ақ Жайық өңіріне Мәжілістің бір топ депутаттары келді.


         Халық қалаулысының айтуынша, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында Парлмент депутаттарымен 59 заң қабылданды, бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі де жалғасын табады. Таяуда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 24-сессиясында «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің қабылдануын да тарихи оқиға деп бағалауға болады.

         -Жер кодексіне жаңадан енгізілген нормаларға байланысты соңғы уақытта қоғамда түрлі пікірталастар орын алуда. Азаматтардың жерді пайдалану жөніндегі құқықтары 2002 жылғы заңда қарастырылған болатын. Жаңадан енгізілген нормаларда оның механизмдері көрсетілген. Кейбір жандар заңдағы бұл өзгерістерді оқымай, біреулердің асыра айтуымен түсінбестікке баруда. Осы нормада шетелдіктер тек ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жиырма бес жылға дейін ғана жалға ала алатыны жазылған. Неге жиырма бес жыл соған тоқталып өтейін. Бұрын ол он жыл мерзім болды. Он жылда жерге салған инвестиция өзін ақтап үлгермейді. Сол себепті ол жиырма бес жылға дейін созылды. Өздеріңіз ойлап қараңызшы, ауылдарда қанша ма жер бос жатыр? Оны неге кәдеге жаратпасқа?! Сөйтіп ол жердің сапасы жақсарады, жолдар салынады, халыққа қосымша жұмыс табылады, бюджетке салық түседі. Мәселен Ресейде жер шетелдіктерге 49, ал Сауд Арабиясында 99 жылға дейін жалға беріледі. Бұл заң нормалары осындай халықаралық тәжірибе негізінде енгізіліп отыр,-деді Шавхат Әнесұлы.

         Кездесу барысында Мәжілісінің депутаты Жер кодексіне қатысты түрлі сұрақтарға жауап берді.

www.zhaikpress.kz

Мәди ЫҚЫЛАС

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале