19.02.2016, 12:37
Оқылды: 25

Жаңа реформа нәтижесінде мемлекеттік қызметке әрбір кандидаттың жеке қасиеттерін бағалау үшін жаңа сынақтар енгізіледі

Akjayik memlekettik apparat jaksi   Мемлекеттік қызметте бүгінгі таңда кәсібилік аса қажет болып отыр. Өз кезегінде мемлекеттік аппаратта қабылданатын шешімдер салиқалылықты, жауапкершілікті, тәжірибелілікті қажет етеді. Жұмыс тәжірибесі мемлекеттік қызметшінің мансаптық ілгерілеуінің басты шарты болады.


Тайпақ ауылдық округі әкімі аппаратының қызметшілері, Ақжайық аудандық №2 сотының және Тайпақ полиция бөлімінің қызметкерлерінің «Әдеп кодексіне» арналған «дөңгелек үстел» басындағы мәжілісінде осы жайында жан-жақты сөз болды. Мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығын зерделеу, «Әдеп кодексін» оқып-үйрену жайында кеңінен айтылды. Тайпақ ауылдық округінің әкімі Боранбай Қыдырғожин мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне, iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптар туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Аталған соттың кеңсе меңгерушісі Әлия Жаманова мемлекеттік қызметтің жүктелуі Отан, қоғам тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатынын, Тайпақ ауылдық округі әкімі аппаратының персоналды басқару жөнінде бас маманы Зәуре Ғапуова әріптестердің қызметтік қарым-қатынасын іскерлікпен нығайтудың халыққа қызметтегі орнын басым айтты.

Басқалар да тақырыпты тереңдетті. Меритократия қағидаттарын қорғауда және аталмыш салада асыра пайдаланушылықты болдырмауда жұмысты жүйелендіру аса маңызды. Меритократия барлық мемлекеттік секторларға негізгі қағидат болуы тиіс. Жергілікті орындарда кәсіби мемлекеттік аппарат жақсы жұмыс істейтін болса, онда арыз-шағымдар орталыққа ағылмас еді, тұрғындардың көңіл-күйіне қатысты ажарлы ахуал әрдайым салтанат құрып тұрары сөзсіз. Жаңа реформа нәтижесінде мемлекеттік қызметке әрбір кандидаттың жеке қасиеттерін бағалау үшін жаңа сынақтар енгізіледі. Сала мамандарын іріктеудің тәртібі күшейтіледі. Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталады. Мемлекеттік қызметтің мәртебесіне деген құрметтің төмен сатылы қызметтік орындардан басталуы лауазымды тұлғаның қандай қиындықта да тығырықтан алып шығар оңтайлы шешім қабылдауына, ұжымды ұйыта білуіне негіз болады. Мемлекеттік қызметшінің жұмысын бағалау үшін автоматтандырылған жүйенің енгізілуі де өте құптарлық. Мәжіліске қатысушылар осындай пікіралысудың да маңызды орнын, сондықтан «дөңгелек үстелге» әр тоқсан сайын жиналып отыру қажеттігін айтты.

www.zhaikpress.kz

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале