30.11.2015, 17:48
Оқылды: 39

Жаңа спорт зал сақадай сай

Sport zal 01   1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Орал «Мақсат» медициналық колледжі жанынан жаңа спорт залдың ашылу салтанаты өтті. Оған Орал қаласы әкімдігінің өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, медициналық мекеме, денсаулық сақтау ұйымдарының жетекшілері, оқу орындарының басшылары, түрлі кәсіпорын иелері қатысты.


– Қазақ халқы «бірінші байлық - денсаулық» деп тегін айтпаған. Бұқаралық спортты дамытуды Елбасымыз  алға міндет етіп қойғаны белгілі. Соған сай қаламызда көптеген спорттық нысандар бой көтеріп жатыр. Солардың қатарында «Мақсат» медициналық колледжінің жеке инвестициясы арқылы салынған жаңа ғимарат колледж студенттері мен Зашаған кенті тұрғындарына спортпен емін-еркін айналысып, денсаулығын нығайтуға  зор мүмкіндік сыйламақ, – деді қала әкімінің орынбасары Марс  Сатыбалдиев.

– ҚР Тұңғыш Президенті күнін құрметпен атап өту аса маңызды. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің қадірін жете тануға тиіспіз. Еліміз әлеуметтік-экономикалық тұрғыда еселі даму жолына түсті. Қазақстан атын дүние жүзіне паш еткен танымал спорт шеберлері, олимпиада жүлдегерлері, әлем чемпионатының жеңімпаздары көптеп шығуда. Адам денсаулығы – қоғам байлығы. Әркім тәнін шынықтыруға, күш-қайратын шыңдауға ұмтылуы керек. Елбасымыз «Қазақстан – 2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Дене шынықтыру мен спорт – мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Саламатты өмір салты – ұлт денсаулығының кілті» деп нақтылап атап көрсеткен болатын. Жастардың жан-жақты дамуына спорт кепіл бола алады.– деді қалалық мәслихат депутаты, «Мақсат» медициналық колледжінің бас директоры Мақсот Берген.

Оның айтуынша, спорттық нысанның құрылысына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы 7 пайыз жеңілдікпен алған несиеден 74 миллион теңге қаржы жұмсалған. Мақсот Қабышұлы бұл мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестікті дамытудың жарқын көрінісі екенін атап өтті. Алдағы уақытта колледж жанынан жатақхана салынбақ. Спорт кешенінің жалпы аумағы 513 шаршы метрді құрайды. Қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, аумағы 740 шаршы метр спорттық алаң қоса салынған. Студенттер волейбол, баскетбол, үстел теннисі, каратэнің кудо түрімен шұғылдана алады. Республика бойынша 24 жеке колледж болса, типтік үлгідегі спорт зал Орал «Мақсат» колледжінде ғана ашылып отыр.

Он бес жылдан астам қызмет етіп келе жатқан жеке медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасы мығым. Биыл мемлекеттік аттестациядан сәтті өткен. Мұнда 700-ге тарта студент білім алып жатыр. Колледжде фармацевт және тіс дәрігерінен сапалы мамандар дайындайды. Сондықтан осы мамандықтар бойынша оқып жатқандардың денін Ресейдің Саратов және Самара облыстарынан арнайы келіп түсетін талапкерлер құрайды екен. Бір өкініштісі, жерлестеріміз бұл салаға аса пейіл таныта қоймайтын көрінеді. Ал, тіс дәрігері мамандығын игерген колледж түлектерін Саратов мемлекеттік медициналық университеті бірден үшінші курсқа қабылдайды.

Жаңа спорт залдың есігінің алдына тартылған лентаны қала әкімінің орынбасары Марс  Сатыбалдиев пен «Мақсат» медициналық колледжінің басшысы Мақсот Берген қиды.

www.zhaikpress.kz

Нұртай ТЕКЕБАЕВ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале