26.05.2015, 18:49
Оқылды: 16

Жаңа техника бәсекеге қабілеттілікті арттырады

KAzagro karji jangirtu   Өңіріміздегі 6 мыңға жуық шаруашылықтың он пайыздайы ғана «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы техникалық паркін жаңартуда. Бұл өте аз. Себебі, агроқұрылымдар қазіргі заманға сай, тиімділігі жоғары техникамен, технологиялық жабдықтармен ғана жоғары сапалы өнім өндіріп, оларды уақтылы әрі ысырапсыз жинай алады.

Кеңес заманында шығарылған техникалар бүгінгі Еуразиялық экономикалық одақ, ертеңгі Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында өзгелермен бәскеге түсуге мүмкіндік бермесі анық. Соған орай мемлекет тарапынан арнайы қаржы институты құрылды. Бұл туралы сейсенбі күні «Қазақстан-Орал» телеарнасының баспасөз алаңында өткен брифингте «ҚазАгроҚаржы» АҚ БҚО филиалының директоры Төлебай Меңдіоразов мәлімдеді.

-2014 жыл ішінде филиалымыздың Ақ Жайық өңірінің ауыл шаруашылығы саласына салынған жалпы инвестициясының көлемі 2300 млн. теңгені құрады. Ал 2000-2014 жыл аралығында ол 14900 млн. теңгеге жетті. Біздің ұйымның негізгі стратегиялық міндеті - көктемгі дала жұмыстары мен жиын-терім уақтында агроқұрылымдарды ауыл шаруашылығы техникаларымен қамту. Соған сәйкес жыл сайын белгіленген бағамен техниканы қысқа мерзімде жеткізу бойынша келісімшарттар жасалады. Ол өз тиімділігін көрсетуде. Мәселен, өткен жылғы девальвациядан кейін клиенттерімізге техниканы жабдықтаушы құнынан орта есеппен 25-30 пайызға төмен бағамен сатуға мүмкіндік берді. Жалпы былтыр филиал арқылы жалпы сомасы 1900 млн. теңге болатын 417 бірлік техника мен құрал-жабдықтар алу қаржыландырылды. «Ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында 2011-2014 жылдар аралығында қоғамымыз арқылы республикамызға 40380 бас асыл тұқымды ірі қара малы әкелінді. Соның 1,5 мыңнан астамы облысымызға жеткізіліп, 8 репродукторлық шаруашылық құрылды. Қазақтың ақ бас тұқымын алуды қаржыландыруды да белсенді жүргізудеміз. Несиелеу мен лизинг бойынша өткен жылы батысқазақстандық шаруалар 599 бас асыл мал алды,-деген Төлебай Мырзағұлұлы биылдан бастап құжат рәсімдеу мәселесі оңтайландырылғанын да жеткізді. Яғни жаңа жүйеге сәйкес ауылдық жердегі шаруашылық жетекшілері қалаға келмей-ақ, ғаламтор арқылы өз тапсырыстары мен ұсынысын жеткізе алады. Жыл басынан бері он шаруашылықпен осы бағытта табысты жұмыс жүргізілді.

Жалпы биыл «ҚазАгроҚаржы» АҚ агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға 1300 млн. теңге бөлуді көздеп отыр. Құны 1600 млн. теңге болатын 4 инвестициялық жобаның жүзеге асуын қамтамасыз етпекші. Шеберлік жоспарлар бойынша 500 гектар алқаптағы мал азықтық дақылдарды суландыру жүйесі, 200 бас отандық асыл тұқымды мал алу, 200 басқа арналған сүт-тауарлы фермаларын салу, тамшылатып суару, сүт пен мал таситын көліктер, рефрижаторлар алу  жобалары іске қосылады деп күтілуде.

www.zhaikpress.kz

Сәкен МҰРАТҰЛЫ

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале