22.08.2016, 16:41
Оқылды: 39

Жаңа этно-мәдени бірлестік құрылды

ЭтноМадениЖарсуат ауылында «Ялгат» Бөрлі аудандық фин-угор халқының этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің  тұсауы кесілді.


Халықтар достығын паш етіп, бірлік пен келісімді ту еткен бұл шара фин-угор халқының тілі мен дәстүрін, мәдениеті мен салтын жаңғырта түспек. Мәдениет үйінде  өткен салтанатты шарада аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А. Исмагулова сөз сөйледі. «Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өз сөзінде «Бірлігі жарасқан, ынтымақшыл ел ғана алдына биік мақсаттар қойып, оларға қол жеткізе алады» деген болатын. Шын мәннде еліміздің сәтті әрі тұрақты дамуы, биік іргетасы, қоғамдық келісім ортақ құндылықтарға негізделеді. Барлық салада қызмет атқарып жатқан ұлт өкілдері аймағымыздың гүлденуіне сүбелі үлес қосып келеді. Бөрлі ауданында әзірбайжан, грузин, корей, орыс, шешен-ингуш, өзбек, украйн этномәдени орталықтары жұмыс жасайды. Бүгін солардың қатарына «Ялгат» фин-угор халқының этномәдени бірлестігі қосылып отыр», - деген Ақмарал Қуандыққызы аудан әкімі атынан құттықтап, бірлестік жұмысына сәттілік тіледі. Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Б. Окаева бұл бірлестік жас ұрпаққа фин-угор халқының дәстүрі мен мәдениеттін үйрететінін айтып, жарқын істердің жаршысы болып, ұзақ жұмыс жасауын тіледі.

Ал осы жаңадан ашылған бірлестік төрағасы Владимир Будник арнайы құжаты бар бұл бірлестік әрқашан татулық пен достықты, қоғамдық келісімді насихаттап, еліміздің заңдарын сақтап, өзге ұлттармен өзара ынтымақтастықта жұмыс жасайды деп атап өтті. «Менің Отаным – Қазақстан. Менің тумам көп», - деген Владимир Ильич көрермендер алдында бас иіп, бірлестіктің құрылтайшыларымен де таныстырып, алғысын білдірді. Салтанатты шара аудандық демалу орталығына қарасты ауылдардағы Мәднениет үйлері көркемөнерпаздарының «Біздің күшіміз - бірлікте» атты концертіне ұласты. Домбыра шанағынан күй күмбірлеп, бишілер мың бұрала би билеп, әсем ән мен көңілді әуен көрерменнің көңілін көтеріп, әрбір өнерпазға ду қол шапалақ соғылды. Сонымен қатар Мәдениет үйінің фойесінде этномәдени бірлестіктердің қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Шеберқолдардың бұл туындылары арасында тоқыма бұйымдары, әр түрлі заттардан жасалған ыдыстар мен бұйымдар көздің жауын алып, шеберліктің шынайы үлгісін көрсетті. Сондай-ақ Достық үйінің қолдауымен этномәдени бірлестіктердің атқарған жұмыстары слайд арқылы көрсетілді. Бұл шараға этномәдени бірлестіктер төрағалары, көршілес ауылдық округ әкімдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Ясипа Рабаева

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале