18.01.2016, 10:04
Оқылды: 62

Жаңа әдеп кодексі таныстырылды  

 

Әдеп кодексіАғымдағы жылдан бастап мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптар жоғарылады. Бұл талаптар мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығына сәйкес күшіне енген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде айтылған.


Аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің басшысы Шара Габдулова аудан әкімі мен мәслихат аппараттарының, сондай-ақ дербес бөлімдердің мемлекеттік қызметкерлерінің басын қосқан «Жаңа кәсіби стандарт» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстелде осы әдеп кодексін таныстырды.

Дөңгелек үстелді жүргізген аудан әкімі аппаратының басшысы Мұхтар Давлетжанов бұл құжатта айтылған мемқызметкердің бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жасаудағы талаптарға тоқталды. Мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның бұған уәкілеттік берілген лауазымды адамдары жүзеге асыратынын еске салды.

Ал еңбек ардагері, аудандық қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Ибрагим Измагамбетов Елбасының басым бағыттарын жүзеге асыру, ең алдымен мемлекеттік қызметшілерге жүктелетінін айтты.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының Бөрлі ауданындағы филиалының директоры Айша Сабирова мемлекеттік қызметшілермен тығыз байланыста жұмыс жасайтындарын, әрдайым моральдық-этикалық нормалар сақталатынын атап өтті.

Ал экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнара Шамғонова мемқызметкер өз қызметін терең білумен қатар, алдына келген адамның жанын терең түсінетін психолог бола білу қажет деген ойын білдірді. Сонмен қатар түрлі бөлімдер басшылары М.Ерғалиев, С.Адлялиев, Р.Салмановалар да әдеп кодексі жөніндегі өздерінің тұшымы ойларын ортаға салды.

Жаңа құжат туралы ой бөліскен мемқызметкерлер әр қызметкер қабылдауына келген әрбір тұрғынға жылы қабақ танытып, білімі мен біліктілігін көрсетіп, сыпайы шығарып салу қажет деді.

www.zhaikpress.kz

Ясипа РАБАЕВА

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале