7.04.2016, 15:51
Оқылды: 30

Жедел жәрдем көліктері көбеймек

Altai Jedel01     7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қалалық жедел жәрдем стансасының қазіргі жай-күйімен танысты. Облыс басшысы диспетчерлік бөлімдегі жедел жәрдем көліктерінің қозғалыс сұлбасын GPS-навигатор арқылы бақылауға алған мамандардың қызу еңбек үстіндегі қам-қарекетіне куә болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтің айтуынша, қазіргі уақытта станса қарамағында 22 көшпелі бригада бар, олардың үшеуі мамандандырылған, екеуі жалпы бағыттағы дәрігерлік және он жетісі фельдшерлік. Жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында 8 қосалқы бригада сағат 1800-ден басталатын қарабалас сәтте іске қосылады.


Жеті диспетчер бір тәулікте 500-дей шақырту қабылдайды. Бригадаларға консультациялық кеңес алуға және стационар бөлімдерімен байланыс жасауға планшет берілген. 34 санитарлық автокөліктің 18-і жан сақтауға жұмылдыру (реаномобил)  жабдығымен қамтылған. Былтыр диспетчерлік нөмер 103 арқылы 176738 жүгінім, 147011 шақырту қабылданған. Орал қалалалық жедел жәрдем стансасының директоры Сергей Бекежанов облыс әкімі Алтай Сейдірұлымен тілдескенде, жедел жәрдем қызметін жандандыра түсу үшін бригадалар санын 27-ге арттыру жайын қарастыруды сұрады. Бұған жауап ретінде алдымен санитарлық көліктер мен  заманауи жабдықтарды көбейтуге  көңіл бөлінетінін айтқан облыс басшысы кейін көліктер тұрағы мен жөндеу шеберханаларын да аралады.

     – Жәдел жәрдем бригадасы уақтылы келу керек. Бұл өте маңызды. Телефон шалғанда байланыс жүйесі бос болмаған жағдайда жаңа технологияға сәйкес лезде басқа маманға бағытталуы тиіс. Тұрғындардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауды алдыңғы кезекке қойған жөн. Медициналық қызметтің сапасын арттыру қажет. Өңірде жедел жәрдем қызметіне қатысты жалпы 140 техника болса, оған қоса 100 шақты техника алу қарастырылуда. Яғни облыс және аудан орталықтарындағы, шалғайдағы елді мекендердегі стансаларды техникалармен қамтамасыз етуді биыл бастамақпыз. Жаңа медициналық құрал-жабдықтар алуға да басты назар аударылады. Орал қалалалық жедел жәрдем стансасының жөндеу шеберханасының ғимаратына жөндеу жүргізу ісін қарауды алдағы жоспарға бекіттік, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале