19.10.2016, 21:41
Оқылды: 49

Жемқорлықтың түбі – қорлық

 alik-kolginov  Өңірімізде ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевтың қатысуымен «Қазақстанның жемқорлыққа қарсы күрес саясаты. Батыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттің жай-күйі» тақырыбында кеңес өтті. Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов төрағалық етті.


 «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен жиынға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, мектеп, балабақша және колледж директорлары мен  БАҚ  қызметкерлері қатысты.

Жиынды ашқан өңір басшысы Алтай Көлгінов облыс бойынша жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды.

- ҚР Президенті Н. Назарбаев «100 нақты қадам – Ұлт жоспарында» кәсіби мемлекеттік аппарат құру реформасына ерекше көңіл бөлініп келеді. «Ұлт жоспарында» көрсетілгендей, мемлекеттік қызмет этикасын арттыру, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту шараларын жүзеге асыруда көптеген қадамдар жасалуда. Жылдың басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы жаңа заңдар, мемлекеттік қызметкерге арналған жаңа Әдеп кодексі қабылданған болатын. Аталмыш заңнамалардың  уәкілетті орган қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыруда үлесі зор деп білеміз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат және оны аймақтарда жүзе асыруда облысымызда  дөңгелек үстелдер мен жиындар, кеңестер тұрақты ұйымдастырылуда, - деп атап өтті Алтай Сейдірұлы.

Бұдан кейін ҚР  мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев Қазақстандағы   жемқорлық және онымен күрес жөнінде баяндады.

- Елбасымыздың Жарлығымен қабылданған «Ұлт жоспарына»  сәйкес,  сыбайлас жемқорлыққа қатысты елімізде 59 заң қайта қабылданып, кейбіріне өзгерістер енгізілді. Сонымен қоса «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы»  қабылданды. Заңдармен қоса әр түрлі бағдарламалар, соның ішінде «2006-2010 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік бағдарламасы», «2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы салалық іс-қимыл бағдарламасы» нәтижелі жүзеге асуда. Егер бұрындары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясаты қозғалған қылмыстық істердің саны мен олардың салдарын жоюмен бағаланса, қазіргі таңдағы іс-әрекет жемқорлықтың себеп-салдарын анықтау мен құқықбұзушылыққа итермелейтін жағдайлардың алдын алуға бағытталған, - деп атап өтті. Сондай-ақ өткен жылдың  тоғыз  айымен салыстырғанда биыл  жемқорлық көрсеткіштерінің төмендеп келе жатқандығын алға тартты. Алик Жатқамбайұлының айтуынша, еліміздегі барлық қабылданған заңдар мен бағдарламалардың  азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік органдардың қызметінің тиімділігін арттыруға, жемқорлық көрсеткішін азайтуға бағытталған. Бағдарламалардың ішінде, ең алдымен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық заңнамаларды жетілдіру және жемқорлықтың жолын кесу басты міндет етіп қойылған.

Алик Шпекбаев өз баяндамасында сыбайлас жемқорлық туралы нақты деректерге де түсінік берді.

- Қазақстан сыбайлас жемқорлық бойынша әлемде 168 мемлекеттің ішінен 123 орынды иеленіп отыр. Бұл – біздің қоғамға қауіпті әрі жоғары көрсеткіш. Қазақстан жемқорлық әрекеттер бойынша Ресей және Қытай елдерінің қатарында тұр. Сондықтан біз жемқорлығы жоқ немесе өте аз Канада, Германия және Финляндия елдерінің қатарына қосылуға ұмтылыс жасауымыз керек. Елімізде жемқорлық қауіптілігі бойынша Солтүстік Қазақстан төмен деңгейді, ал Батыс Қазақстан облысы ортаңғы деңгейді көрсетіп тұр. Соңғы  тоғыз  айда еліміз бойынша 614 лауазымды тұлға қызметін дұрыс атқармағандығы үшін айыппұл төлесе, 837 қызметкердің мүлкі тәркіленді. 1107 тұлғаға өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс жасауға тыйым салынды. Ал жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысы бойынша Орал қаласында 38 іс, Зеленов ауданында 35 іс, Теректі ауданында 22 іс қозғалды. Бұл қуантарлық көрсеткіш емес. Кезінде осы залда жиналғандармен иық тіресіп жұмыс істеп, өмірдің барлық қиындықтары туралы ой қозғаған кейбір батысқазақстандық шенеуніктердің бас бостандығынан айырылуы бәрімізге  өкінішті әсер қалдырады. Осы орайда лауазымдық қызметіңізді пайдаланып, тағдырыңызды сынаққа айналдырудың қажеті жоқ, туғандарыңыз бен жақындарыңызды ойлаңыздар, - деген Алик Жатқамбайұлы өз сөзінің дәлелі ретінде жемқорлыққа қатысты үлкен қылмыстарды айғақтайтын бейнетаспадан үзінділер көрсетті. Жазбада еліміз бойынша істі болған бұрынғы лауазымды тұлғалардың қылмыстық істері мен олардың түрмедегі тірліктері көрініс тапқан.

Алик Шпекбаев өз баяндамасында басым бағытты әкімдік қызметкерлерінің моральдық-этикалық принциптерді қатаң сақтау керектігіне, әсіресе,  Әдеп кодексінде қабылданғандай, сыйлықтың кез келген түріне тыйым салынғандығына баса көңіл бөлді. «Құқықтық статистика мәліметіне сүйенсек, жемқорлықтың ең көп тараған ошағы ішкі істер органдары, оның ішінде жергілікті полиция қызметі, мемлекеттік кіріс органдары мен мектеп және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жиі кездеседі.  Сондай-ақ лауазымды тұлғалардың арасында ішімдік ішу, алдау және пара алу да жиі кездеседі», - деп тоқталып өтті.

Кеңес жиынға қатысушылардың сұрақ-жауап алмасуларымен аяқталды.

Ләззат ШАҒАТАЙ

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале