15.08.2016, 10:06
Оқылды: 18

Жерге қатысты мәселелер талқыланды

JerMaselesi«Нұр Отан» партиясының ғимаратында ауданымызға арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева Жер кодексін талқылау мақсатында шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесу өткізді. Дөңгелек үстелге сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаты, аудандық мәслихат хатшысы мен мәслихат депутаттары және бөлім басшылары қатысты.

Жиынды аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин ашып, аудан мәслихат депуттарымен белгіленген жоспарға сай аудан халқы арасында Жер кодексін талқылау жүйелі түрде жүргізіліп келетінін мәлім етті. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Имашева қазіргі таңда елімізде жер мәселесі кеңінен талқыланып жатырғандығын, осы орайда Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес 75 адамнан тұратын комиссия құрылғандығын баяндады. Аталған комиссия өз жұмысын тамыз айының соңында аяқтап, жер мәселесіне қатысты оң шешім шығарады.

Дөңгелек үстел барысында облыстық мәслихат депутаты Ескендір Елемесов, аудандағы қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев Жер кодексіне енгізілген өзгертулерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Басқосуда сондай-ақ, жердің жеке меншікке жалға берілу жайы мен ауыл шаруашылығана қатысты мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі сөз болды. Жиынға қатысушылар жердің сатылуына түбегейлі қарсы екендіктерін бірауыздан айтты. Снежанна Валерьевна жәнібектіктердің ұсыныс-тілектерін Үкіметке жеткізуге сөз берді.

Жиыннан соң Мәжіліс депутаты С.Имашева аудандық сот пен халыққа қызмет көрсету орталығына барып, аталмыш мекемелерде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жүзеге асырылу барысымен танысты. Халық қалаулысы сонымен қатар облыс орталығымен қатынайтын жолдың күрделі жөндеуден өтіп жатырған учаскелерінде болып, асфальт төсеу жұмыстарын бақылады.

Д.Зеннат

Жәнібек ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале