4.02.2016, 16:00
Оқылды: 39

Жергілікті БАҚ өкілдері «ТРЭМ Қазақстан» ЖШС-ның жұмысымен танысып қайтты

 Press turr02  Жергілікті БАҚ өкілдері облыс әкімдігінің қызметкерлерімен бірге «ТРЭМ Қазақстан» ЖШС-на барып, кәсіпорынның жұмыс барысымен танысты.

    Серіктестік жетекшісі Рауль Идиатуллиннің айтуынша, кәсіпорын жұмысы негізінен мұнай-газ, химия, энергетика салаларындағы қысыммен  жұмыс жасайтын құрылғыларға нығыздағыш бөлшектер даярлауға және аталмыш салалардағы құрылғыларға сервистік қызмет көрсетуге бағытталған.


   - «ТРЭМ Қазақстан» ЖШС - Ресейдің «ТРЭМ инжиниринг Москва» ЖШС-мен біріккен кәсіпорын болып есептеледі. Қазақстандық мазмұнда жұмыс істеп жатқан біздің кәсіпорынның қазіргі үлесі 55 пайыз болса, ресейлік үлес 45 пайыз. Болашақта қазақстандық үлесті көбейтуге тырысамыз, тіпті жергілікті үлесті 100 пайыз етіп, өзгелерге тәуелділіктен арылсақ деген арман да жоқ емес. Болашақта  поршеньді компрессорлар мен құрғақ газодинамикалық нығыздауыш бөлшектерді шығаруды да жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда қосалқы бөлшектерімізді Қазақстандағы ірі кәсіпорындарға қанатқақты жоба ретінде тегін қойып жатырмыз. Мысалы, Қарағанды, Қызылорда қалаларының жылыту орталықтары біздің өнімдерімізді сынақ ретінде тегін пайдалануда. Өзіміздің Оралдағы жылыту орталығына да бөлшектерімізді сынап көруді ұсынып отырмыз. Жалпы, біздің өнімдерімізді Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Жайық –Мұнай» ЖШС, «Ақтөбе-МұнайГаз» ЖШС пайдалануда. Дәл қазіргі уақытта біздің қызметкерлеріміз «Қаражамбас» кен орнының башыларымен келіссөздер жүргізуде.  Бұйырса, таяу күндері тендерлерге қатысып, бағымызды сынамақпыз. Ұтып алсақ, нағыз жұмыс сол кезде қызбақ. Әзірше жылына 400-600 дана бөлшек шығаруды жоспарлағанымызбен, тендерлерді мол ұтсақ, жұмыс ауқымын кеңейтіп,  бөлшектерді бұдан екі есе көп шығарамыз деп ойлаймын. Мұндай жағдайда, сәйкесінше,  жаңа жұмыс орнын да көбейтер едік.

    Қазіргі уақытта зауытта 30 адам жұмыс істейді. Олардың 90 пайызы жергілікті жұмысшылар болса, 10 пайызы Ресейден келгендер.

Жергілікті кәсіпорын білікті мамандарға қарқ болса, елімізде озық технологияны жетік меңгерген жастар саны көбейеді. Рауль Идиатуллиннің сөзінше, бұл жағдай өз кезегінде еліміздің өсіп-өркендеуіне өз ықпалын тигізбек.

www.zhaikpress.kz

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале