25.01.2016, 16:57
Оқылды: 19

Жергілікті полицияға жүктелер міндет зор

 B.Maken UVD  Орал қалалық ішкі істер басқармасында өткен жылдың қорытындысына арналған алқа мәжілісі болды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, ҚР ІІМ Тергеу департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Рахмаджан Досанов қатысты.


         Жиынды ашқан БҚО ІІД-ның басшысы, полиция полковнигі Махамбет Абисатов барлық жеке құрам мен олардың жетекшілерін былтырғы атқарған жемісті жұмыстары үшін алғысын білдірді. Соның нәтижесінде өңіріміз барлық-дерлік көрсеткіш бойынша жоғары орындардан көріне білді. «Тек аса ауыр қылмыстар санатына орай 5-орындамыз,-деді Махамбет Қайыржанұлы.-Оның өзіндік себебі бар. Екі қылмыстық іске байланысты сараптама жұмыстары ұзақ жүрген еді. Соған орай олар уақтылы сотқа жолданбай қалды.  Нәтижесінде олар көрсеткіш деңгейін төмендеп отыр. Таяуда Ішкі істер министрлігінде өткен алқа мәжілісінде негізгі мәселе Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 30-қадамында айтылған  жергілікті полиция құру, оның қызметінің айқындығын қамтамасыз ету жайы сөз болды. Жергілікті полицияны құру біздің салада үлкен реформаның жүретінін білдіреді. Болашақта біздің қызметіміз жаңа форматта жүзе аспақшы. Бүгінгі жиында осы жайттарға тоқталатын боламыз. Сондай-ақ, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында алда тұрған міндеттер де сараланбақшы».

         Өз кезегінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жергілікті полиция қызметін ұйымдастыру жайына тоқталды. Бақтияр Мәкенұлының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс облыстық деңгейде жоспарлы түрде жүзеге асуда. Ал аудандардағы жағдай көңіл көншітпейді. Енді осы іс-шараларға жете мән беру қажет.

         -Өткен жылдың қорытындысы бойынша қоғамдық орындардағы құқық бұзушылық саны артқанын көруге болады. Жергілікті полиция осы бағыттағы құқықбұзушылықтарды болдырмаудың жолдарын қарастыруы керек.  Жалпы жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті полиция бірігіп құқықбұзушылықтың,  қылмыстың алдын алу үшін жұмыс істеуі керек. Алдағы уақытта жергілікті полицияның материалдық-техникалық базасын нығайтуға, қажет ғимарат бөлуге, өзге қажетті жағдайлар туғызуға аудан әкімдері баса мән беретін болады,-деді Бақтияр Мәкен.

www.zhaikpress.kz

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале