28.06.2016, 9:44
Оқылды: 28

Жер бөліміндегілер бизнес ашуға жер сұрап келген адамға бос жер іздетіп қоятыны несі?

nurOtanӨткен жұмада «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісі өтті.


 

Басқосуда облыстың жер қатынастары саласында 2015 жылдың және 2016 жылдың бес айы ішінде жемқорлыққа қарсы әрекет ету жұмыстарының жағдайы туралы мәселе қаралды. Мәжілісте облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұхамбетжанованың, БҚО-ның жерді пайдалануы және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Салауат Нұрғалиевтің, Орал қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерлан Ғалиевтің аталмыш тақырыптағы хабарламалары тыңдалып, талқыланды. Бастысы, үш мекемеде де  сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл, іс-шаралар жоспарлары бекітілген. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңына және басқа да заңнамаларына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру-насихаттау бағытында құқықтық оқытулар жоспар бойынша жүйелі жүргізілуде. Мекемелердің қызметкерлері БАҚ арқылы да халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізуде.

Қоғамдық кеңесте өңірдегі жер қатынастары саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету бағытында біркелкі жұмыстар өткізіліп отырғандығы атап көрсетілді. Сонымен қатар Орал қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі бойынша сыбайлас жемқорлық көріністері орын алып отырғандығы сыналды. Атап айтқанда, 2016 жылдың өткен кезеңінде екі бөлім қызметкері тәртіптік жазаға тартылған. Қоғамдық кеңес мүшесі Бауыржан Атауовтың пікірінше, жер қатынастары саласындағы мекемелердің жұмыстарынан қағаз жүзінде кемшіліктер табу қиын. Жер қатынастары бөлімін құқық қорғау құрылымдары көп тексереді. Жер мәселесімен аталмыш бөлімге келген азаматтардың  ондағы көрсетілетін мемқызметке көңілі толмаған жағдайда, іштегі «өкпе-назын» жазып қалдырып кететін арыз-шағымдар жәшігі қойылмаған. «Көп сауалға «Заң бойынша құқығымыз жоқ» дейсіз. Самара жағынан Оралға кірген кезде самсаған техстансалар қарсы алады. Соларға орынды көшеден оқшаулау  жерден неге бермеске? Қаланың келбеті осындай болсын деп ұстанатын жоспар неге бекітпеске?» деген  Б. Атауовтың сауалына Е. Ғалиев ғимараттардың қас беті бойынша жоспар бекітілгенін, осы мәселе бойынша жұмыс басталғанын айтып, ақталғандай болды. Сонымен қатар кеңес мүшелері аталмыш бөлімдегі сенім телефонына жауапты адамның жоқтығына нақты мысалдар келтіріп, сенім телефонына халықтың сенімін күшейту үшін жауапкершілікті күшейту қажеттігін көтерді.

Аталмыш қоғамдық кеңестің мүшесі «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, жер беру тәртібінің заңдастырылмауы және жемқорлықтың орын алуы  қаламыздың, өңіріміздің дамуына кедергі.

Қоғамдық кеңесте «Нұр Отан» партиясының Ақжайық аудандық филиалының төрағасы Әділ Жоламановтың күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарламасы  тыңдалып, талқыланды. Кеңес мүшелері Ақжайық ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы белгілі жұмыс өткізіліп отырғанын атап өтті. Партияның филиалы аталған бағытта мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асыруда. Онда сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар туралы белгілер бойынша халықпен кері байланыс ретке келтірілген. Ақжайық ауданы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша комиссияның, мемлекеттік емес ұйымдарының және партияның аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің өзара бірлескен жұмыстары жандандырылған. Аудан бойынша сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасаған тұлғалардың саны өткен жылдармен салыстырғанда азайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы қоғамдық кеңес облыстың жер қатынастары саласындағы аталмыш үш мекеменің сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жұмыстарын жеткілікті деп бағалап, бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жандандыру бағытындағы ұсыныстар беріп, тиісті қаулы қабылдады.

www.zhaikpress.kz
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале