29.04.2016, 15:26
Оқылды: 28

Жер игілігін ел көреді


 — Шетелдік азаматтар, сондай-ақ құрамында шетелдік компаниялар бар кәсіпорындар ауыл шаруашылығына арналған жерлерді сатып ала ала ма?

С. Нұрғалиев: — Жоқ. Шетелдік компаниялар жерді сатып ала алмайды! Жаңа өзгерістерге байланысты ауыл шаруашылығына арналған жерлерді тек қазақстандықтар ғана сатып ала алады. Сату кезінде жерді бұрыннан жалға алып пайдаланып отырған шаруаларға жеңілдік қарастырылған. Бұл заң үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енеді. Шетелдіктерге (компанияларға) келетін болсақ, 2011 жылдан бері ауыл шаруашылығына арналған жерлер оларға 10 жылға жалға беріліп келді. Алайда 2015 жылдан бастап бұл мерзім 25 жылға дейін ұзартылды. Ауыл шаруашылығы бизнесі көп қаражатты салуды талап ететін сала және ол өзін-өзі ақтауы үшін біраз жыл күтуге тура келеді. Мамандардың есептеуінше, жобаның құнын ақтауға 10-15 жыл керек көрінеді. Осыған байланысты инвестордың жерге салған қаржысын ақтау үшін жалдау мерзімі 15 жылға ұзартылып отыр. Енді құрамында шетелдік компаниялар бар қазақстандық кәсіпорындар жерді сатып ала ала ма? деген сұраққа келейік. Жоғарыда айтқан 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап, ондай ортақ кәсіпорындар жерді саудалайтын аукциондарға қатыса алады. Тек ондай жағдайда қазақстандық үлес 50 пайыздан жоғары болуы керек. Жерді сатуға арналған аукциондарға шетелдіктер қатыса алмайды.

— Қазақстандық азаматтың иелігінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жері бар дейік, ол оны кейін шетелдіктерге сатып жібере ала ма?

— Қазақстандық азамат сатып алған жерін, соңынан шетелдіктерге сатамын деп әрекеттенсе, ол мүмкін емес. Оның шетелдікпен жасаған келісімшарты заңсыз болып табылады. Ал ондай келісімшарттарды нотариустар заң талаптарына сәйкес тіркеуге құқы жоқ.

— Шетелдіктердің жалға алған жерінің мақсатына сай пайдаланып жатқандығына бақылау, тексеру қалай жүргізіледі?

— Шетелдіктердің жалға алған жерлерін өз мақсатына пайдалануын тексеру біздің елімізде қазақстандықтардың (азаматтарының) жері қалай тексерілсе, шетелдіктердің жері де тап солай тексеріледі. Тиісті дәрежесінде пайдаланбай жатыр ма, басқа мақсатқа пайдаланып жатыр ма немесе аздырып жіберді ме, оны жергілікті органдардың дабылымен жердің пайдалануын бақылайтын органдар кез келген уақытта тексере алады. Ондай фактілер анықталып жатса, ол жерді мемлекет меншігіне қайтарып алу заңмен қарастырылған.

— Мысалы, жерді жалға алған шетелдік компанияның оны талапқа сай өңдемей аздырып жіберуіне немесе химикаттарды шамадан тыс пайдаланып, адамның ағзасына зиянын тигізетін өнім өндіруіне жол бермеу жағы қалай нақтыланған?

— Бұған байланысты біздің министрліктің 2015 жылы шығарған жерді пайдаланудың ережесі бар.

Сол ережеде жерді қалай пайдалану керектігі жөніндегі талаптардың бәрі көрініс тапқан. Жерге минералдық тыңайтқыштар енгізу, оның айналымын сақтау, арамшөптерден таза ұстау, зиянкестерге қарсы күрестің ережелерін орындау т.б. талаптар бар. Міне, осыларды сақтамаған жер иелеріне қатысты жердің пайдаланылуын бақылайтын, қадағалайтын органдар заң аясында шараларды алуына толық құқы бар.

Жерді жалға алғанда, келісімшарт жасалады. Келісімшартта шетелдіктерге де, қазақстандықтарға да бірдей міндет жүктеледі. Сосын жоғарыда айтқан жерді тиімді әрі мақсатына пайдаланудың ортақ ережесі бекітілген ғой. Сол ережеге сай жергілікті жерлерде ол жердің тиімді пайдаланылуын қадағалайтын, бақылайтын органдар ереженің талаптарын мүлтіксіз орындауды қадағалайды, тексереді. Тексеруді жер басқармасы мен жердің пайда-ланылуын бақылайтын облыстық органдардың аудан, ауылдық жерлердегі әкімдіктерге қарайтын жер бөлімдері жүргізеді. Міне, солардың анықтауы бойынша заң аясында шаралар алынады. Соттың шешімімен ол жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алуға дейін шаралар қарастырылған. 2012 жылдан бермен қарай, облысымызда 1 млн. 4 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталды. Бүгінгі таңда мемлекет меншігіне 717 мың гектар жер қайтарылды. Сол қайтарылған жерлердің 393 мың гектары басқа шаруаларға беріліп, жаңадан иелерін тапты. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 243 мың гектар жердің иелері өз учаскелерін игеруге кірісті.

— Шетелдіктер жалға алатын жерлерде бұрынғы қоныстардағы ата-баба қорымдары болуы мүмкін. Олар ертең оны қоршап алып, былайғы адамдарды кіргізбейді. Тіпті ескі қорымдарды жойып жіберуі де мүмкін ғой…

Ә. Мұқанбетжанова: — Ондай қорымдарға, тарихи жәдігерлік белгілерге арнайы өтетін жол қалдырылады. Бұл Жер туралы заңда көрсетілген.

— Жалға алған жері бар шаруаның оны тиісті дәрежесінде игеруіне мүмкіндігі (қаржысы, техникасы т.б.) жоқ делік. Ол сол жерін былайырақ барғасын қалталы шетелдікке сатып жібере ала ма?

— Жер кодексіне енгізілген түзетулерде (үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін) бұл туралы тайға таңба басқандай көрсетілген. Шаруа өзінің жерін бір-екі жыл өткеннен кейін толық игере алмай, әрі қарай жұмысты жүргізе алмайтын болса, онда оны пайдалану құқын, мемлекеттен сатып алу құқығынсыз біреуге беруге, иелігінен шығаруға құқылы. Бірақ тек қана қазақстандық азаматқа бере алады.

— Жерді жалға алған шетелдіктер ол жерге жұмыс жасауға тек өздерінің азаматтарын ғана алып келіп жүрмей ме?

— Жоқ. «Көші-қон туралы» заңда көрсетілгендей, тек қана өздерінің азаматтарын ғана алып келмейді. Арнайы квота бар, мысалы, жалға алған жерде 100 адам жұмыс істейтін болса, оның 10 пайызы ғана шетелдіктердің үлесіне тиесілі, қалғаны сол жердің адамдары немесе қазақстандық азаматтар болуы тиіс.

www.zhaikpress.kz

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале