11.05.2016, 13:16
Оқылды: 35

Жеңіс сарбазын еске алды

Akjayik 90 jil     Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақтың мыңдаған батыл ұлдарының бірі Құжат Ихсанов 1926 жылы қазіргі Ақжайық ауданының Базартөбе ауылында дүниеге келген. Бозбала жігіт соғыс басталар жылы Базаршоландағы ең байырғы Қызылжар мектебін бітірді.


     Орал қаласынан 10 айлық педагогикалық курсты аяқтап, Қадырқұл мектебінде мұғалім болып жұмыс істеп жүріп, 1944 жылы өз еркімен майданға аттанады. 56-дивизияның 192-Қызылтулы гвардиялық полкі құрамында Балтық жағалауын, Кенигсбергті азат ету ұрыстарына қатысады. 434-атқыштар полкі құрамында танктерге қарсы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін алғаш рет жауынгерлік награданы омырауына тақты. Минск, Варшава, Краков қалаларын жаудан азат ету шайқастарында қан кешіп, Отан қорғау жолында ерлікпен шайқасты. 1945 жылы 24 маусымда Москва қаласында Жеңіс шеруіне қатысу құрметіне ие болған өңіріміздегі санаулы жауынгердің бірі.

     1950 жылы елге оралады. Тайпақ ауданында бірқатар ауылдық Кеңес төрағасы, Өлеңті, Есенсай, КСРО-ның 50 жылдығы атындағы кеңшарларда бөлімше басқарушысы, Тайпақ мұнай базасының директоры, т.б. жұмыс жасап, елеулі еңбек жолында көзге түсті.

    «Кенигсбергті алғаны үшін», «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдармен, І және ІІ дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, т.б. марапатталған.

     1996 жылы бақилық болған Жеңіс сарбазының ұрпағы Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылында оның 90 жасқа және дүниеден озғанына 20 жыл толуына арнап еске алу шарасын ұйымдастырды. Оған аудан әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиев қатысып, Құжат Ихсанов сынды сарбаздың жарқын бейнесін есте жаңғыртқан оның ұрпағына ризашылық сөзін арнады.

     – Жылдар жылжып, уақыт өз еншісін алып жатқанмен Жеңіс күні жыл сайын жаңғырып, біздің ең бір аяулы, қасиеті мен қасіреті ұмытылмайтын, мәңгілік жадымыздан шықпайтын, адамзаттың асыл қазынасына айналған күн. Майдангерлер әр қадам жер үшін кескілескен шайқасқа түсті. Жан беріп, жан алысты. Осындай еліміздің аптал азаматтарының бірі болған Құжат Ихсанұлы ауыр соғысты бастан өткеріп, талай соғыс даласын артқа тастап, елге жеңіспен оралды. Бейбіт күннің еңбегіне батыл араласты,-деді ол.

     Сондай-ақ, шарада Қарауылтөбе ауылдық округі әкімі міндетін атқарушы Қуаныш Панғалиев, майдангердің ұлы, зейнеткер Ғиззат Ихсан сөз сөйліп, баршаны Ұлы Жеңіспен құттықтады.

    Тайпақ орта мектебінің спорт залында қол добынан өткен сайыста жеті команда ойын көрсетті. Оның қорытындысында І орынға Тайпақ орта мектебінің оқушылары, ІІ орынға Қарауылтөбе ауылының жастары, ІІІ орынға Ғ.Махамбетов атындағы орта мектебінің оқушылары (Базаршолан) ие болды.

     Сондай-ақ дала қызықтары өтті.

    Аламан бәйгеге осы төңірекке танымал атбегілердің сәйгүліктері қатысты. 22 шақырымдық бұл сында І орынды қарауылтөбелік «Манарбек» шаруа қожалығының тұлпары (атбегі Медет Ғұмаров), ІІ орынды базартөбелік «Жұмазия» шаруа қожалығының қылқұйрығы (атбегі Берік Алманбетов) ІІІ орынды қарауылтөбелік атбегі Нұрымғали Болатбаевтың баптаған тұлпары еншіледі.

    Тай-құнан жарысы да осы дала қызықтарының ішінде көпшіліктің көңілін аударған басты бәсекенің бірі болды.

    Қол күресінен осы ауылдың түлегі Әнуар Иманғалиев, балуандар белдесуінде қарауылтөбелік облысқа танымал Нұрдәулет Уақитов ешкімге дес те бермеді.

     Барлық дала қызықтары мен спорттық шараларға Ұлы Отан соғысының ардагері Құжат ағаның ұрпақтары демеушілік жасады. Осы округтегі ата кәсіпті түлетіп отырған «Ихсан» шаруа қожалығының жетекшісі, майдангердің немересі Дәурен Ғиззатұлының жас болса да бастай болып, әр шаруаның тетігін тауып, үлгі үдесінен шығып жүргені де көңілге қуаныш ұялатады.

    Қарауылтөбеде сондай-ақ ауылдағы саябақта соғыстан оралмаған жерлестердің аты-жөні жазылған ескерткіш тақта алдында «Зерде сағаты» өтті. Оған тыл ардагерлері, ауыл тұрғындары қатысты. Тайпақ орта мектебінің ұландар тобының жетекшісі Светлана Нұрғалиева бір топ оқушыларымен соғыс жылдарын кестелеген жыр жауһарларынан үзінділер оқыса, тыл ардагері Әлекеш Мүрсәлімов пен округ ардагерлер кеңесінің төрайымы Қайырлы Мұқанова ескерткішке гүл дестелерін қойды. Соғыстан оралмаған жауынгерлерді бір сәт үнсіздікпен еске алды.

www.zhaikpress.kz

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ

«Жайық таңы»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале