9.07.2015, 17:25
Оқылды: 24

«Жеңіс тарихы» фильмінің тұсаукесері өтті

Jakibaev-studia Облыстық А. Островский драма театрында Мұрат Жәкібаевтың продюссерлік орталығы түсірген Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Жеңіс тарихы» деректі фильмдер топтамасының  тұсаукесері өтті.  Тарихи шараға облысы әкімі Нұрлан Ноғаев, белгілі кинорежиссер Талғат Теменов, облыстық мәслихат депутаттары, соғыс және еңбек ардагерлері қатысты. 

«Аман қалу бақыты», «10 жыл өткен соң», «Кездесу қуанышы»  деп аталатын шағын бөлімдерден тұратын деректі фильм соғысты көрген көзі тірі ардагерлердің өнегелі әңгімесімен, тарихи естеліктерімен құнды. Ал жылдар өткен сайын олардың қатары сиреп, азайып бара жатқаны  көңілге мұң ұялатады.  Әсіресе «Он жыл өткен соң» бөлімінде  кеудесін оққа тосып, Отанын қорғаған аталарымыздың азайып қалғаны кеңінен суреттеледі. Деректі фильмдегі картиналар желісі шынайылығымен көрерменге ой салады. Деректі фильм туралы өз ой-пікірін ортаға салған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев  Мұрат Жәкібаев пен оның шығармашылық тобының ізгілікті іс жасағанын атап өтті.

-Ұлы Отан соғысы туралы  фильмдерді толқымай, тебіренбей  қарау мүмкін емес.  Біз – бізге  бейбіт өмір сыйлаған аға ұрпақтың алдында мәңгі қарыздармыз. Күні кеше ғана көзбен көріп, әңгімесін тыңдаған майдангерлеріміздің көбі бүгінде ортамызда жоқ. Сондықтан біз оларды әр кез сағынышпен еске аламыз. Оқ пен оттың ортасынан аман келіп, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосқан ардагерлерді  ұлықтап, оларға құрмет көрсету –бүгінгі ұрпақтың борышы,- деді Нұрлан Асқарұлы өз сөзінде.

www.zhaikpress.kz

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале