7.09.2015, 0:52
Оқылды: 35

Жобаның бес грантын иеленді

Damu   «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның аймақтық филиалында «Жұлдыздарға қара» жобасының биылғы жеңімпазы атанған жерлестерімізге бес гранттық сертификат салтанатты түрде табыс етілді.

«Биыл тамыз айында жобаның қорытындылары шығарылды.  Жоба бойынша еліміздің өңірлерінен 134 кәсіпкерден тапсырыс түсіп, соның 50-і  ғана гранттық қаржыға ие болды. Батыс Қазақстан облысынан 8 мүгедек-кәсіпкер жобаға қатысып, олардың бесеуі грантқа қол жеткізді», - деді «Құс жолы» корпоративті қайырымдылық қорының Оралдағы өкілі Марина Сластина.

Конкурстық комиссияның шешімімен 195 мың теңге көлемінде гранттық қаржыға ие болған Қазталов ауданындағы Қараөзен ауылының тұрғыны 3-топтағы мүгедек Берік Құсайынов бұл қаржыға тігін машинасын, тігісті әдемілейтін машина, киім пішетін үстел, үтік, манекен сатып алуға жұмсаған. Бала кезінен 3-топтағы мүгедек оралдық Зарина Мусина 226 мың теңге көлемінде грант алды. Ол гранттық қаржыға Трекин ауылынан ашып жатқан азық-түлік дүкеніне қажетті тоңазытқыш витрина мен мұздатқыш камера алған. Грант алған Ақжайық ауданындағы Тайпақ ауылының тұрғыны 3-топтағы мүгедек Ерлан Смадияровтың аяқ киім жөндейтін цехы бар, өзі сонда етікші болып жұмыс істейді. Енді ол жоба бойынша 100 мың теңге көлемінде грантқа қол жеткізді.

  • 2011 жылдан бері көрпе жасап, іс тігумен айналысамын. Кәсібімді әрі қарай дамыту үшін жобаға қатысып, бақ сынадым. Жолым болып 300 мың теңге көлемінде грантқа ие болдым.   Бұл қаржыға өз қаражатымды қосып, 750 мың теңгеге жүн түтетін қондырғы сатып алып, орнаттым. Отбасылық бизнес және бір ауылдасымды жұмысқа қабылдадым. Қырықтық кезінде ауыл-аймақтағы тұрғындардан бір тоннаға дейін сапалы қой жүнін сатып аламын. Содан жасалған көрпе-төсеніштерге жәнібектіктерден және Ресейден, әсіресе, іргелес Волгоград облысынан да тапсырыс берушілер баршылық. Қазір жүн түтетін қондырғымның арқасында тұрғындарға жүннің келісін 250 теңгеден түтіп берудеміз , -деді Жәнібек ауданынан келген 3-топтағы мүгедек Назым Молдашева.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале