11.11.2016, 16:18
Оқылды: 21

Жоба жемісін бере бастады

mal   Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы Мемлекет басшысы айқындаған жаңа экономикалық саясат - «Нұрлы жол» бағдарламасымен, ондағы инфрақұрылымды дамыту жобаларымен ұштасқаны белгілі. Айта кетерлігі, индустрияландырудың бірінші бесжылдығында ұлттық экономика сипаты біршама серпінді өзгерістерге ие болды. Облысымызда бұрын шығарылмаған жаңа тауар түрлері өндіріліп, өңіріміздің экспорттық қуатын ұлғайтатын нысандар бой көтерді. Ең бастысы, бірінші бесжылдық  аясында  жұртшылық жаңа жұмыс орындарымен қауышты.


Осы жобалар аясында қолға алынған Ақжайық ауданы, Чапаев ауылы маңында тұрғызылып, ағымдағы жылы пайдануға берілген, қуаты тәулігіне 50 бас ірі қара малы етін өңдейтін «Батыс-Нық» ЖШС кешені өңірдің дамуына өз үлесін қосуда. Кәсіпорын ашуды жергілікті кәсіпкер, мал шаруашылығының маманы Алик Көбейсінов қолға алған. Күні бүгін кешеннің құрылысына 400 миллиондай қаражат жұмсалған. Жоба «Даму» қоры арқылы алынған несие және кәсіпкердің өз қаражаты есебінен салынды.

  • Ет өңдейтін кешен өңіріміздегі мал шаруашылығымен айналысатын жандар үшін өте қолайлы жерде орналасқан. Шаруалар ірі қара малын шалғай жатқан басқа облыстарға тасымалдағаннан гөрі біздерге әкелгендерінің көп тиімді екенін айтады. Кешенде өңделген өнім негізінен өңір көлеміне және басқа да облыстарға жөнелтіледі. Комбинатқа қажетті құрылғылардың барлығы дерлік Ресей елінен әкелінді. Мысалға, үлкен көлемдегі тоңазытқыш Саратов облысынан әкелінген болса, мал сою желісін Волгоград облысынан өз қаражатымызға алдық. Алдағы уақытта қалбырдағы ет пен шұжық шығаруды да жоспарлап отырмыз. Келер жылы кешен жанынан үш мың бас жас малды бордақылайтын алаңның құрылысын бастаймыз. Бұл үшін жергілікті әкімшіліктен жер телімі бөлініп, бүгінде жобалық құжаттары жасақталуда, - дейді «Батыс Нық» ЖШС директоры Алик Көбейсінов.

  Бүгінгі күні кәсіпорын 15 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта толыққанды жұмыс жасай бастағанда тағы да бірнеше жанды жұмысқа алмақ. Ет комбинатының алғашқы өнімдері облыс нарығына шығарылуда. Кәсіпорынға әкелінген ірі қара малына бірінші толықтай тексеріс жүргізіледі. Тексеріс жүргізген мал дәрігерінің рұқсатынан кейін ғана мал союға жіберіледі. Кәсіпорын ірі қара малының еттей салмағының әр келісін 700-1000 теңге көлемінде қабылдайды. Тапсырыс берушінің сұранысына қарай сиыр еті тұтас төшкелей немесе екіге, төртке бөлініп жіберіледі. Қажеттілігіне қарай етті сүйектен ажыратып, вакуумды қорапшаға салып та дайындайды. Бүгінде кәсіпорын Ақсай қаласындағы ҚПО б.в. шетел компаниясына және Атырау өңіріндегі «Тенгизшевройл» мұнай-газ компанияларымен келісімшарт жасасып, оларды сапалы сиыр етімен қамтуда.

  • Біздің ет өнімдерін сатуға арналған барлық сертификаттарымыз бар. Ақсай қаласындағы ҚПО б.в. компаниясына ай сайын 2 тонна сиыр етін жөнелтудеміз. Жақында бұл компанияның өкілі біздің кешенде болып, мал сою, ет тоңазыту жүйесімен көзбе-көз танысты. Олардың тарапынан біздің етке деген сұраныс ұлғаяды деп ойлаймыз. Орал қаласындағы ірі сауда орындарынан да сұраныстар түсуде. Қазір мал етін бөлшектеуіш құрылғылар алып, мамандар жинақтаудамыз. Алдағы уақытта бөлшектелген сиыр етін вакуумды қорапшаға салып, саттыққа шығармақ ойымыз бар, - дейді кәсіпорын басшысы.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале