20.08.2015, 22:39
Оқылды: 15

Жолдардағы апатты азайтуға жұмылайық

Joldagi apattar   Облыс әкімдігінің кіші залында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен өңірдегі жол-көлік оқиғалары жағдайы және оны ведомствоаралық әрекеттестік шеңберінде төмендету мәселесін саралаған кеңес өтті.

Басқосуды ашқан облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен  биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша өңірдегі жол-көлік оқиғалары көрсеткіші республикалық  көрсеткіштен асып кеткен. – Жолдардағы апаттарды азайтуға күш салуымыз керек.  Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін барлық қажетті шараны жүргізуіміз қажет.  Тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын кеңірек жүргізіп, теледидардан роликтер көрсетіп, баннерлер ілуіміз керек. Алда қыс мезгілі келе жатыр, апатты жағдайлар көбеюі мүмкін. Қандай жағдайда болмасын қайғылы оқиғаларды азайтуға күш салғанымыз жөн, - деді Бақтияр Мәкен.

Облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Талғат Ахаевтың айтуынша, қолға алынған шараларға қарамастан жол қозғалысы қауіпсіздігі жағдайы күрделі күйде қалып отыр. Бұл мәселе жол-көлік оқиғаларының алдын алу және  жол-көлік оқиғаларынан жарақаттану мен өлім-жітімді төмендету бағытындағы нақты шараларды алуға барлық мемлекеттік құрылымдардың жіті жұмылуын қажет етеді. Тек биылғы 7 айдың ішінде облыс аумағындағы жолдарда 249 жол-көлік оқиғасы (2014 жылғы сәйкес мерзімде бұл көрсеткіш 176, яғни 41,5 пайызға өскен) тіркеліп, 39 адам қаза тапқан (2014 жылы 39 адам), 343 адам жарақат алған (2014 жылғы сәйкес мерзімде 219 адам).  Есепті мерзім ішінде Орал қаласында жол-көлік оқиғасының 61 пайызы орын алса, Ақжайық, Бөрлі, Қазталов, Зеленов, Теректі аудандарында да апатты жағдайлар аз емес.

Жол-көлік оқиғаларының өсуі жолдардағы көлік санының артуымен де тікелей баланысты. Мысалға, 2010 жылы облыс аумағында 133 мың 61 бірлік аутокөлік тіркелген болса, бүгінде олардың саны 196 мың 860-қа жетіп, яғни 47,9 пайызға артқан. Ресей рублі бағамының төмендеуіне орай Ресейден әкелінетін аутокөліктер саны өсті. Тек биылғы 7 айдың ішінде 13,8 мың көлік әкелінген.  Кедендік одақ жағдайында облыс арқылы өтетін аутокөлік транзиті ағыны күрт өсіп отыр.  Әкімшілік полициясының қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биылғы 7 айдың ішінде 51040 әкімшілік құықбұзушылық анықтаған.

 www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале