11.12.2015, 10:17
Оқылды: 38

Жолдау міндеттерін еңбек қана еңсермек

Zelenov Nyrjan     Қаржы жүйесін мың құбылтып, қоғамда түрлі көзқарас тудырған биылғы қарашаның соңғы күні Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқына «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты жолдауын жариялады. Тағдыршешті деңгейдегі құжатта қазіргі әлемді құрсаған экономикалық дағдарыс жағдайында еліміздің басты бағдары мен іс-әрекеттер стратегиясы айқындалған. Жолдау көздеген межелер мен артқан міндеттер орасан ауқымды. Жұдырықтай жұмылып ілгері жылжу арқылы шыңдалған халқымыз бұл сыннан да абыроймен өтеді. Елбасы, осы орайда жолдау жобаларын іске асыруға 7,5 триллион теңге тартылатынын айта келіп, үкіметке қаржыны тиімді пайдалануды тапсырды және жолдаудағы барлық міндеттерді жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясына ерекше орын беретінін жеткізді.

    Бүгінде жолдау аудандағы барлық 27 бастауыш партия ұйымдарында кеңінен талқыланып, ой-пікірлер түйінделді. Көпшіліктің көңілге түйгені қаржы секторындағы жағдайды жақсарту, бюджеттік саясатты оңтайландыру, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, жаңа инвестициялық және әлеуметтік саясатты әзірлеу мәселелеріне ел Президентінің айрықша екпін беруі. 2016 жылдан бастап білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 28-40 пайызға артпақ. Асыраушысынан айырылу мен мүгедектіне байланысты жәрдемақы 25 пайызға көтеріліп, шәкіртақы 29 пайызға ұлғаймақ.

    Осынау дүниені шайқаған дағдарыс дауылы үдеген тұста ешқандай экономикалық тәуекелдерге қарамастан халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруды жалғастыруы кемеңгер Көшбасшының салиқалы саясатының жемісі.

    «Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт тезі. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, елдігіміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Біріміз - бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. Жаһандық дағдарыс - ол тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер» деген Елбасы, сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалану тетігін нұсқады.

    Бұл жолы Қазақстанда дағдарысқа қарсы алдын алу стратегиясының алғаш рет қолданылып отырғандығын айтқан Елбасы дағдарысқа қарсы мүмкіндіктерімізге ой жүгіртті. Ол сәтті жүріп жатқан индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы, (ендеше еліміз алдағы уақытта ешқашан шикізат саудасына қарап қалмайды), «Нұрлы жол»  Мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасының қабылдануы, «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының іске асырылуы, қажетті мемлекеттік қордың жиналуы, мұнай бағасының тіпті 20 доллорға дейін төмендеген жағдайдағы іс-қимыл нұсқасының әзірленуі және индустрияландыру шеңберінде құрылған жаңа экономикалық сектор, еңбек өнімділігінің артуы.

    Сондай-ақ жолдаудың маңызды жаңалығы деп ұлттық қор қаржысын ағымдағы шығындарға пайдаланудың тоқтатылуы, мүлікті жария ету мерзімінің ұзартылуы, бюджет шығындарын оңтайландырудан босаған қаржының халық үшін нақты нәтижелер әкелетін жобаларға бағытталуы дер едім.

    Ешқашан ел жастарын назардан тыс қалдырмайтын Елбасы бұ жолы жастарға ерекше сенім жүгін артты. Еңбек ету, ғылым іздеу, техника тілін меңгеру ХХІ ғасыр жастарының бек ұстанымына айналуы тиіс екендігін қадап айтқан ел Президенті жастарды өмір жолын жұмысшы мамандықпен сабақтауға шақырды. Шақырып қана қойған жоқ, мамандық игеру үшін қажетті жағдай жасалатынын жеткізді. 2017 жылдан бастап елімізде кәсіптік-техникалық мамандықтарға білім тегін берілетін болады. Ал бұл жобаның өз кезегінде үлкен өмір жолына төселе алмай жүрген талай жастың бағын ашары, бақыт жолына бастары сөзсіз.

   Жолдаудың оқылған әр жолын өзіндік баталы сөзімен сабақтай отырған Елбасы тәуелсіздіктің елең-алаңында «мұнайсыз-ақ» дамуға бет бұрған еліміз үшін сол жылдардың онша сәтті бола қоймағанын атап өтіп, қиын кезде маңызды іске құлаш ұру - біздің елдік тәжірибемізге айналғандығын кезекті мәрте еске салды. Сондай қиын сәттен Қазақстан жұртын еселі еңбек қана құтқарды, еңбек қана бүгінгі бақуатты өмірге жеткізді.

    Ендеше қалыптасқан нақты ахуалға нақты жауап берген, өсудің өрнегін тізіп, дамудың даңғылын нұсқаған жолдау міндеттерін де еңбек қана еңсермек.

www.zhaikpress.kz

Нұржан Дүзбатыр

«Нұр Отан» партиясы

аудандық филиал төрағасының

бірінші орынбасары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале