20.06.2016, 10:55
Оқылды: 20

ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖАС ТҮЛЕК!!!

ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖАС ТҮЛЕК   Теректі ауданында "Ақ жол -2016" атты мектеп бітіруші түлектерге арналған мерекелік кеш болып өтті. Ауданымыз биыл да ҰБТ сынағынан сүрінбей өтіп, облыс бойынша көштің басын бермеген еді. Білімдері арқылы аудан намысы мен абыройын қорғаған түлектерге құрмет айрықша көрсетілді. Алдымен аудан әкімі Мұрат Мұқаев "Алтын белгі" және "Ерекше үлгідегі аттестат" иегерлерін қабылдап, әрбір түлектің жеке-жеке қолдарын алды.


   -Мен үшін бүгін ерекше күн. Сіздердей алтындардың ортасынан табылғаным үшін бақыттымын. Сіздер ауданымыздың намысын лайықты деңгейде қорғадыңыздар. Сол үшін алғыс білдіргім келеді. Бұл үлкен еңбекпен келген жеңіс екендігін мен жақсы түсінемін. Ұстаздар қауымына да шексіз ризашылығымды білдірсем деймін. Болашақта еліміздің гүлденуі үшін қызмет етесіздер деп сенемін. Армандарыңыз орындалсын,-деді өз сөзінде Мұрат Рахметұлы.

  Мерекелік кеш ауданымыздың орталық алаңында жалғасын тапты. Түлектер қаз-қатар тізіліп, мектеп жетістіктері айтылған сәтте орталықтың төріне кеп орнықты. Аудан тұрғындары тегістей түлектерге тік тұрып қошемет көрсетті.

  Кештің ашылуын түлектердің өзі жасады. "Алтын белгі" иегерлері, "Ерекше үлгідегі аттестат" және 100 немесе 100-ден аса балл жинаған ұл-қыз есімдері аталып, олар ортаға шықты.

   Сәні мен салтанаты жарасым тапқан кеш барысында аудан басшысы М.Мұқаев сөз алып, барша аудан халқын мерекемен құттықтады. Одан соң аудан әкімі "Алтын белгі", "Ерекше үлгідегі аттестат" және 100 немесе 100-ден аса балл жинаған түлектерге Алғыс хаттар мен арнайы төсбелгілер, бағалы сыйлықтар және гүл шоқтарын табыстады.

www.zhaikpress.kz

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале