22.07.2015, 18:45
Оқылды: 22

Жол апаты жұтып жатыр

Jol apati    Соңғы уақыттары Оралда жол-көлік оқиғалары күрт көбейіп, соның салдарынан көз жұмған және түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған азаматтар саны артқан. Кеше қалалық жедел жәрдем стансасы арнайы ұйымдастырған брифингте осынау күрделі ахуалға қоғамның назарын аударту жайы сөз болды.

Станса басшысы Сергей Бекежановтың айтуынша, жол – көлік оқиғалары, әсіресе, соңғы үш айда дабыл қағарлақтай дәрежеге жетіпті. «Ағымдағы жылдың тек осы шілде айы ішінде 79 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 121 адам жарақат алды. Салыстыру үшін айтсам, өткен жылдың шілдесінде 57 жол-көлік оқиғасы болып, онда 87 адам зардап шеккен еді. Өткен жылы бір адам қаза болса, биылғы шілдеде әлі ай бітпей жатып үш адам көлік апатында қазаға ұшырады. Күні кеше ғана Еуразия даңғылы мен Гагарин көшесінің қиылысындағы көпірде мотоцикл мен жеңіл көлік соқтығысып, мотоциклдегі екеу оқиға орнында жан тапсырды. Түн ортасына таман көпірде көлік нөпірі азаяды. Соған қарамастан әлгіндей қайғылы жағдай орын алды.» - деді С.Бекежанов.

Облыстық клиникалық аурухана жарақат бөлімінің меңгерушісі Құттымұрат Жақсығалиев ай сайын шамамен жол-көлік апатына түскен 160 адамға ем-дом жасайтындықтарын жеткізді. «Жарақат әр түрлі. Шілде айы басталғалы азаматтардың саны 180-ге жетті. Жыл басынан бері төрт адам қаза болды. Оның екеуі шілде айына тиесілі» - деді ол.

www.zhaikpress.kz

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале