17.03.2016, 16:12
Оқылды: 25

Жол апаты салдарынан БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары өмірден озды

Orinbasari koz jymdi   Кеше БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары, өртке қарсы қызмет полковнигі Жарқын Сайлауұлы Фазылов өмірден озды.

Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Ж.С.Фазылов 1972 жылы 15 қазанда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Қаратөбе ауылында дүниеге келді.


1990 жылдан 1994 жылға дейін КСРО ІІМ Алматы өрт-техникалық училищесінің курсанты болды. 1994 жылдан 2015 жылға дейін БҚО Төтенше жағдайлар департаментінде әртүрлі басшылық лауазымдарда қызмет етіп, соның ішінде 2015 жылдың ақпан айынан бастап департамент бастығының орынбасары қызметін атқарды.

Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік өртті бақылау жұмыстарын ұйымдастыруға тікелей жауап берген өртке қарсы қызмет полковнигі Ж.С.Фазылов елді мекендер мен шаруашылық нысандарын өрттен сақтауды қамтамасыз етуге және өрттегі адам қазасы мен материалдық шығынды барынша болдырмауға бар күш-жігерін жұмсады.

Адамдармен те тіл табыса білетін, сонымен қатар жұмыстас жолдастары арасында әдептен аспайтын, ұжымда сыйлы, беделді болды. Әртүрлі басшылық лауазымдарды атқара жүріп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, бөлімшенің жауынгерлік дайындық деңгейін көтерді. Күрделі жағдай туындаған кезде ұстамдылық және батылдық танытумен бірге тактикалық дұрыс шешімдер қабылдай білді.

Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін және қызметіндегі жоғары көрсеткіштері үшін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесіндегі өртке қарсы қызмет органдарының басшылығымен әлденеше рет марапатталған. Атап айтқанда, «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін», бірінші, екінші және үшінші дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Төтенше жағдайлар органдарының ардагері» медальдарын, «Қазақсан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» мерекелік медалін, «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін, ҚР ТЖМ Құрмет грамотасын иеленді.

Еске сала кетейік, өткен жылдың 18 қарашасында Орал-Атырау жолы бойында Ақжайық ауданы Бударин ауылынан 3 шақырымдай жерде департаменттің басшы қызметкерлері отырған «УАЗ» автокөлігінің 43 жасар жүргізушісі рульге ие бола алмай, қарсы келе жатқан «Газель-33021» автокөлігімен соқтығысқан болатын. Соның салдарынан «Газель-33021» автокөлігінің 36 жасар жүргізушісі оқиға орнында көз жұмса, «УАЗ» көлігіндегі облыс аудандарына іссапармен бара жатқан БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары, өртке қарсы қызмет полковнигі Жарқын Фазылов пен азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, полковник Замир Бердашев ауруханаға түскен болатын. Содан бері дәрігерлер қанша күрескенмен, Ж.Фазыловтың өміріне араша тұра алмады.

  www.zhaikpress.kz

 Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале