28.12.2015, 21:42
Оқылды: 29

Жомарт жандар - «Жеті қазынаға» келді

temir  Орал қаласындағы «Жеті қазына» мейрамханасында жергілікті кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне арналған қайырымдылық шарасы өтті.

         Жаңа жыл қарсаңындағы шарада Аяз ата мен Ақша қар балалардың өнерін тамашалап әдеттегідей сыйлықтар үлестірді. 


          -Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне кәсіпкер ағалары дастархан жайып жаңа жылды бірге қарсылады. Біз концерттік бағдарламамызды алып келдік. Ата - анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тыныс - тіршілігімен танысып, көңіл бөліп жатқан демеушілерімізге алғысымыз шексіз. Болашақта еңбектері жемісті болсын деп тілек айтамын, - деді облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Сағыныш Өтебалиева.

          - «Жетім көрсең жебей жүр» дегенді ұстанып, бүгінгі шараны ұйымдастырып жатқан жайымыз бар. Әрбір кәсіпкер өз жайына кетіп қалмай, керісінше айналасындағыларға да қамқор болуы керек деп ойлаймын. Осында демеушілік танытып жатқан азаматтардың бәріде балаларға қуаныш сыйлауды мақсат тұтты, - дейді демеуші Мәди Мырзағараев.

- Мен бесінші сыныптың оқушысымын. Өскенде әнші болғым келеді. Бүгінгі мерекелік шараға інім екеуміз әндерімізді арнап, аяз атаның қолынан бірнеше сыйлық алдық. Жаңа жылда қонаққа шақырған ағаларыма рақмет айтамын, - дейді балалар ауылының тәрбиеленушісі Азамат Қуат.

 Мерекелік дастарханға Мырзағараевтар, Қиламбековтер, Ынтықбаевтар отбасы мен «КЭШ» мейрамханасы ұжымы демеушілік білдірсе, Қадыровтар отбасы балаларға сыйлықтар үлестірді. Ал Бегалиевтар отбасы әннен шашу шашты. Мерекеге қатысушылар кеш соңында естелік суретке түсті.

www.zhaikpress.kz

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале