26.06.2015, 17:35
Оқылды: 26

Журналистер мерекесінде республикалық байқау қорытындыланды

DMS_7445Ағымдағы жылдың мамыр айында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, марқұм Бақтығұл Ойшыбаевтың 75 жасқа толуына байланысты проза жанрындағы және блогерлер арасында үздік шығармаларға республикалық жабық бәйге жарияланған болатын.

Журналистер күніне арнап «Жайық Пресс» ЖШС ұйымдастырған мерекелік шарада байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар анықталды.

Мерекелік шараға жазушының әке жолын қуған ұлы Кемелбек Ойшыбаев пен қызы Жанна Ойшыбаева қатысты.

Алғаш боп сөз алған "Алаш" халықаралық сыйлығының иегері, «Ақжайықтың ақ шағаласы» Ақұштап Бақтыгереева Жымпиты аудандық «Қызыл ту» газетінде (қазір Сырым аудандық «Сырым елі» газеті) ұзақ жылдар редактор боп істеген, талай талантты кадрлар тәрбиелеп шығарған тәжірибелі басшы, жазушы, маркұм Бақтығұл Ойшыбаевпен қатар оқыған студенттік кезеңі, жалпы адамдық болмысы туралы естеліктерімен бөлісті.

Әдеби додаға еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтсақ, Алматы, Астана, Талдықорған, Көкшетау, Жамбыл, Қызылорда, Орал өңірлерінен барлығы 43 шығарма келіп түсті. Олардың бесеуі - блогерлер байқауына, қалған 38-і – прозашылар байқауына жолданған.

NyrlibekҚазылар алқасының шешімі бойынша, проза жанрында бірінші орын (жүлдесі 300 мың теңге) Қытайда мұнай-газ университетінің магистратурасында оқып жатқан Есболат Айдабосынға "Тау ұлы" әңгімесі үшін, екінші орын республикалық "Айқын" газетінің редакторы Нұртөре Жүсіпке "Кім мықты?" әңгімесі үшін (200 мың теңге), үшінші орын "Ана тілі" газетінің әлеуметтік және ақпарат бөлімінің редакторы Нұрлан Құмарға "Ол күндер енді ертегі" әңгімесі үшін және Евразия телеарнасының продюсері Артур Мағзомовқа "Өмір сабақтары" әңгімесі үшін (100 мың теңге) бұйырды.

Блогерлер сайысында "Орал өңірі" газетінің бөлім редакторы Нұрлыбек Рахмановтың бағы жанды. Қазақ халқының тұтас бір ғасырлық тарихын сыйғызған бірді-екілі сөзден ғана тұратын атаулы сөйлемдер арқылы бір бетке сыйғыза білген жазбасы үздік деп танылды.

Бақтығұл Ойшыбаев атындағы республикалық жабық бәйгенің Сырым ауданы әкімдігі тағайындаған арнайы жүлдесі "Орал өңірі" газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллинге табыс етілді.

Алматыдан, Астанадан келіп үлгермеген жеңімпаздар өз тілектерін бейнетаспа арқылы жолдады.

www. zhaikpress.kz

Айгүл Ахметова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале