25.02.2016, 19:08
Оқылды: 29

Жылдың үздік педагогы

Pedagog   Бейсенбі күні облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен қаламыздың А.Байтұрсынов атындағы №10 ЖОББМ-де «Жылдың үздік әлеуметтік педагогы» байқауы өтті.

Облыстық байқауға аудандар мен  қала мектептерінен үздік шыққан 13 үміткер қатысты. Екі жылда бір рет өтетін шара шығармашылықпен айналысатын, кәсіптік біліктілігі жоғары әлеуметтік педагогтарды анықтау, білім беру жүйесінде әлеуметтік-психологиялық бағытты жетілдіру болып табылады.


Сайыстың алғашқы шарты бойынша қатысушылар өздерін жаңа қырынан креативті түрде таныстырып, көшбасшылық қасиеттерін танытты. Ал келесі айналымдарда кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша нормативтік-құқықтық құжаттарды қаншалықты білетіндігі сынға салынды. Одан кейін  күрмеуі қиын мәселелердің шешімін тауып, әртүрлі тренингтер өткізді.

 Берілген тапсырмалардан сүрінбей өткен педагогтар жүлделі орындардан көрінді. Олардың ішінде Совхоз ЖББОМ-нен (Тасқала ауданы)  Тахмина Дүйсенғалиева І орынды, Ғ.Сарбаев атындағы ЖББОМ-нен (Жәнібек ауданы) Айжан Сидагалиева ІІ орынды қанжығаға байлады.  Ал Бұлдырты ЖББОМ-нің (Сырым ауданы) әлеуметтік педагогы Альбина Тасқалиева ІІІ орынды місе тұтты. Одан бөлек Асенеев Аслан «Креативті әлеуметтік педагог» (Бөрлі ауданы), Татьяна Живекина «Ізденімпаз әлеуметтік педагог» (Орал қаласы), Құндыз Бахишева «Шығармашыл әлеуметтік педагог» (Бөкей Ордасы ауданы) аталымдарына ие болды.

- Әлеуметтік педагог мектептегі қиын отбасы, аз қамтылған отбасы балаларының әлеуметтік бейімделуіне, құқықтық-психологиялық көмектер көрсетуде, одан басқа да мектепішілік маңызы мәселелерді шешуде атқаратын орны зор. Қоғамда әлеуметтік педагог мамандығына деген оң көзқарасты қалыптастырып, оның беделін көтеру күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда осындай байқаулар мен оқыту-семинарлары олардың кәсіби тұрғыдан тәлім-тәжірибе жинақтауына үлкен мүмкіндіктер ашады, - дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Зәмзагүл Ғаббасова.

     www.zhaikpress.kz

Ләззат ШАҒАТАЙ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале