13.05.2016, 16:57
Оқылды: 57

"Жігіт сұлтаны - 2016" байқауы

 Shingirlau jigit syltani   Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Жігіт сұлтаны-2016» байқауы өтті.

    Қазақша күрес, таныстыру, өз өнерін көрсету және салт-дәстүрге қатысты сұрақ-жауап кезеңдері бойынша өткен сайысқа  Достық, Мерей, Шежін, Мереке, Қазақстан, Тасқала, Қосшы ауылдық округінің 21 мен 35 жас аралығындағы жастар қатысты.


     Байқаудың алғашқы кезеңі қазақша күрес аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтті.

   Кәсіби спортшылар секілді өнер көрсетпегенімен, боз кілемнің шаңын біраз қаққан қатысушылар бірін-бірі алып та, шалып та, жығып, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысып бақты.

    Жарыстың қалған үш кезеңі түстен кейін мәдени-демалыс орталығында жалғасты.  Таныстыру мен өз өнерін ортаға салу сайысында  жақсы нәтиже көрсеткенімен, салт-дәстүрге қатысты қойылған сұраққа жауап бере алмай іркіліп қалғандар да болды.

   Осылайша, тартысты да қызықты өткен байқауда қазылар алқасы шешімі бойынша бірінші орынды аудан атынан сайысқа түскен Мағжан Жұмағалиев еншіледі. Ал, екінші орынды Мерей ауылдық округінен Ержан Мұратов алса, үздік үштік Шежін ауылынан келген Әсет Қайыршақовқа бұйырды.

     Шара соңында  орын алғандармен қалған қатысушыларға алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды.

www.zhaikpress.kz

Есенжол САНСЫЗБАЙҰЛЫ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале