3.11.2015, 17:58
Оқылды: 47

Жүлделі орынмен оралды  

 

МатематикАқсай қаласындағы №4 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі Бағдат Кабасов Алматыда өткен математика пәні мұғалімдерінің ІІІ республикалық шығармашылық байқауынан 3-ші орын алып оралды.

Ақтөбе облысы Хромтау қаласында дүниеге келген Бағдат Берікұлы жетінші сыныпқа дейін Ақсай қаласындағы №3 орта мектепте білім алған. Одан әрі білімін Ақтөбедегі қазақ-түрік лицейінде жалғастырады. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 117 балл жинаған лицей түлегі М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің математика-физика факультетіне оқуға түседі.

Бағдат Берікұлының сандар әлемінің қыр-сырына үңіліп, есеп-қисаптың шешімін табуға деген қызығушылығы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ басталған. Алғаш рет 2005 жылы 8 сыныпта оқып жүрген кезінде мектеп оқушылары арасында математикадан өткен республикалық жарыста жүлделі екінші орынды иеленеді. Келесі жылы оқушылар арасында өткен облыстық олимпиадада үшінші, одан соң бірінші орынды жеңіп алады. Мектеп партасында отырғанда-ақ математика пәнінен өткен республикалық, халықаралық байқауларда бірнеше рет жүлдегер, жеңімпаз атанған Бағдат Берікұлы студент атанған соң да түрлі додаларда топ жарып, жеңісті қолдан бермеді. Бірінші курстан төртінші курсқа дейін студенттер арасында математика пәнінен өткен республикалық олимпиаданың төрт дүркін чемпионы болды. Биыл мұғалімдер арасында өткен олимпиадада жеңімпаз атанған.

Сандардың сиқырын ашып, түрлі есептің шешімін тапқанды ұнататын ұлының республикалық жарыстан жүлдемен оралғанын әкесі Берік Мырзағалиұлынан естіген едік. Ұлының ұлан кезінен оянған математика ғылымына деген қызығушылығы  бүгінде оны кәсіби білгір маман ретінде қалыптастырып келе жатқанын айтты. Шынында да, көп адам қызыға қоймайтын есеп-қисап түсінген адамның жанын жадыратып, сырға толы әлемнің есігін ашқандай екен. Бағдат Берікұлының анасы Салтанат Кенжеғалиева да математика пәнінің мұғалімі. Анасының жолын қуған ұл сандар әлемінде сан белесті бағындырмақ. Ендігі жерде ол өзі ғана емес, өзінің шәкірттерінің де математиканы терең меңгеріп, олардың да түрлі жарыстарда топ жарғанын қалайды.

www.zhaikpress.kz

Ясипа РАБАЕВА

Бөрлі ауданы    

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале