29.09.2015, 16:10
Оқылды: 689

Жүн түтіп, көрпе жасайды

Kaztalov jyn tytip korpe jasaidi   Бұрыннан да іс тігуге бейімі бар Ғалия Шалақашова жүн түтетін цех ашып, көрпе жасауды жоспарлаған еді. Бұл жоспарды құп көрген Ғалия апамыздың жолдасы Насиболла Азаматов «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттен бір миллион теңге көлемінде қаржылай несие алып, «Арай» жеке кәсіпткерлігін ашып, жұмыстарын бастап та кетті. Орал қаласынан 600 мың теңгеге жүн түтетін станок сатып алды.  Жүнді жуып, оны түтумен айналысуға бір адамды жұмысқа қабылдады.

-Негізі көрпе жасаумен айналысқаныма 3 жылдай уақыт болды. Станок сатып алғаннан кейін жұмыс көлемі де артты. Тапсырыс берушілердің дені өз  ауданымыздан. Көршілес Александров-Гай, Новоузенск аудандарынан да тапсырыстар қабылдадық. Соңғы кездері көрпемізге Атырау қаласынан да қызығушылық танытушылар бар. Тыспен қапталмаған көрпелерді 3500 теңгеден, ал тысталған дайын көрпелерді 5000 теңгеден сатудамыз. Соңғы үш ай көлемінде 100-ден аса көрпе жасаппыз. Қазан  айына да 30 шақты көрпеге тапсырыс алып қойдым. Алдағы уақытта тоқымамен айналу жоспарымда бар. Сондай-ақ жұқа киіздер басып, ұлтарақ шығаруды да қолға алмақшымыз.

Жүнді шаруа қожалықтарынан келісі 100 теңгеден қабылдап аламыз. Цехымыз үлкейсе, тағы да жұмысшылар алмақпыз. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасын қабылдаған Үкіметке алғысымыз шексіз. Соның нәтижесінде кәсібіміз кеңейіп, табысымыз да молайып жатыр- дейді Ғалия Шалақашова.

Иә, «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, ерінбей еңбек етсе, кім кімнің де жемісін көрері шексіз.

www.zhaikpress.kz

Мөлдір ТӨЛЕКЕНОВА

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале