14.10.2015, 17:05
Оқылды: 71

Жұбанға арналған әдеби кеш

ЖубанБүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінің Тәуелсіздік залында қазақтың біртуар тұлғаларының бірі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Жұбан Молдағалиевтің туғанына 95 жыл толуына орай «Мен қазақпын» атты әдеби кеш өтті.

Еске алу кешінде Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің І курс студенттері, облыстық кітапханалар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ұстаздар мен жас ізденімпаздар бас қосты. Ақынның өшпес мұрасын насихаттау мақсатында студенттер бұл кеште Жұбан жырларынан үзінділер оқыса, оның замандастары ақынның өмірінен сыр шертісті. Әсіресе филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікқали Шарабасовтың әңгімесі жастар үшін үлкен әсер қалдырды:

- Жұбан ағаны сыйлау керек, шығармаларын құрметтеуіміз парыз. Оның артында көзіндей болып қалған Софья есімді жарын алақанымызға салып әлпештеуіміз керек. Жуырда ғана Жұбан еліне Сайқұдыққа сапарлап қайтқанбыз. Сол жерге композитор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақанов та келген еді. Ол мерейтой үшін Алматыдан жеңгейді арнайы шақырғанымен, денсаулығына байланысты бара алмайтындығын жеткізген:  «Туған еліме рахмет айтамын. Жұбанды ұмытпай еске алып тұрса, мен бақыттымын. Қазір жасым ұлғайып, денсаулығым нашарлады. Сондықтан Жұбанның жиған дүниесін, киім-кешегін, кітаптары мен  бүкіл шығармасының бәрін жинап қойдым. Болашақта балалардың рұқсатымен Ақжайық өңіріне жіберемін», - деп сәлемін жолдайды. Ақынның жұбайы сондай көркем, хас сұлулардың қатарынан  болатын. Ол - Жұбанның ақын болуына, азамат болына, оның даңқының әуелеуіне, шығармасының шыңға жетуіне бірден-бір септігін тигізген жан.

Қайран Қайрат Жұмағалиев ағамыз Жұбан ақын туралы айтса, жүрегі езілетін. Ол Жұбанның  өз өмірінде үш ерлік жасағанын айтқан еді: «Біріншісі  қан төгілген қырғын соғыста, фашистің жаңбырдай жауған оғының біріне ілікпей, майданнан аман келуі қазақ үшін бір ерлік. Одан кейін,  «Мен қазақпын» деп шығарма жазып, тұңғыш рет әлемге қазақ деген халықтың бар екенін паш етті. «Қазақпыз» деп айтқан тұлғалар  көп болғанымен, түрлі зобалаңның кесірінен қасірет шегіп, жарияланбай қалатын. Ал Жұбанның бұл поэмасы қызыл империяның қаһарына мініп тұрған  кезде жарыққа шығып кетуінің өзі ерлікпен пара-пар. Ал үшінші ерлігі, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде Жазушылар Одағы үйінде Колбиннің бетіне тапжылмай тіке қарап тұрып, қазақ жастарының намысын қорғай білуі», -  деген еді. Әрине,  оны жеткізу үшін жүйке мен жүрек, қайрат пен батырлық керек. Ақын жүрегі соның бәріне шыдай білді. Жұбан жырларының қасиеті мен өміршеңдігінің сыры осында, - деп ой түйген еді Серікқали Ғабдешұлы.

Осылайша, өз өмірінде үлкен ерлікпен тең істер қалдырған Жұбан ақын 1988 жылы 6 қазанда дүниеден озды. Ал оның шығармалары уақыт өткен сайын ел жадында жаңғырып, жарқырай түсері анық.

www.zhaikpress.kz

Ләззат ШАҒАТАЙ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале