31.07.2015, 12:49
Оқылды: 15

Жұмыссыз болсаң, жәрмеңкеге кел

Iarmarka02   Бейсенбі күні Жастар мәдениет үйінде жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітіруші түлектерге арналған барлық сала бойынша бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.

         Елбасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі "100 нақты қадам"  жоспарында қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып, жаңа өмір сапасына қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін  жұмыссыздықтың алдын алу мәселесі көтерілген болатын. Осыған орай, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жәрмеңкеге 25 мекеме қатысып, 800-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Жұмыс берушілер қала бойынша 371 бос орынға  салалық техника,  металлургия, құрылыс, сауда және маркетинг саласындағы мамандар іздейді. Биылғы жәрмеңкенің басты ерекшелігі, "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша  жас мамандарға сұраныс жоғары. Яғни аудандарға қажетті мұғалім, дәрігер, мал дәрігері, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері үшін  500-ге жуық бос орын ұсынылды. Жалпы, жәрмеңке арқылы соңғы екі жылда 202 адам тұрақты жұмысқа қабылданған.

Жәрмеңкеге облыс әкімінің орынбасары Б. Мәкен қатысып, сөз сөйледі. Мұнда келушілерге қалалық жұмыспен қамту орталығы, "Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі"  БҚО филиалы мамандары, БҚО Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары және жастар ресурстық орталығының кеңесшілері жұмысқа орналастыру бойынша тегін кеңестер берді. Жәрмеңке қыркүйек айында тағы да жалғасын табатынын оқырмандардың қаперіне саламыз.

www.zhaikpress.kz

Ләззат ШАҒАТАЙ

Фотоны түсірген: Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале