3.09.2015, 18:37
Оқылды: 18

Жәнібекте жабайы сора құртылды

Janibek jabayi sora kyrtildi  Елімізде жүріп жатырған жалпы алдын алу «Көкнәр-2015» операциясына байланысты есірткі жинаушылардың жолына тосқауыл қою мақсатында Жәнібектегі 2036 әскери бөлім бөлімшесінің бастығы, майор Рыскелді Әбдіғұлов, Жәнібек аудандық  ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, полиция капитаны Ақылбек Елекешов,  аудандық орталық аурухананың наркологі Гюльнара Погульская және бір топ шекарашылар жабайы сораның өсуіне қолайлы болып саналатын Талов ауылындағы Комсомол елді мекенінде болды. Аудан орталығынан 120 шақырым қашықтықтағы аталмыш елді мекенде, сонымен қатар учаскелік шекарашы, Жәнібектегі 2036 әскери бөлімінің аға лейтенанты Шадияр Лесбаев, аудандық  ішкі істер бөлімінің полиция аға лейтенанты Дәурен Әбдірахманов, Талов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Балым Коняева да болып, жабайы сораның өскен жерін көрді.

Учаскелік шекарашы Ш.Лесбаевтың бізге берген мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік шекараны күзету барысында Талов ауылдық округіне қарасты Комсомол елді мекенінің оңтүстік-батыс жағында, дәлірек айтқанда Қазақстанның мемлекеттік шекарасының сызығы маңынан жабайы сораға ұқсас шөптің өскені анықталған. Жабайы сора далада өсетін кәдімгі шөптер сияқты болғанымен айырмашылығы көзге ұрып тұр. Аталған улы шөп  кәдуілгі далалық шөптермен салыстырғанда түсі қою көк және  өзіндік ерекше  қышқылтым иісі бар. Осы маңдағы 5-6 жерде  далалық шөптің арасында жабайы сораның да шыққаны аңғарған жанға анық байқалады.

Жәнібектегі 2036 әскери бөлімшесінің бастығы, майор Р.Әбдіғұловтың айтуынша осы алқаптағы  көлемі 30 сотық жерден 5150 түп жабайы сора жұлынып, өртелген. Сонымен бірге жабайы сора Орал қаласына сараптамаға жіберілді. Сөйтіп, шекарашылардың қырағылығының арқасында және алдын алу іс-шаралар барысында жабайы сора құртылып, оны жинап, шаш етектен пайдаға кенелгісі келгендердің жолы кесілді.

www.zhaikpress.kz

  Н.Жапақов

 Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале