30.05.2016, 11:05
Оқылды: 34

  Жәнібекте – жаңа  басшы

Janibek akim (1)Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, аудан әкімі қызметіне Наурызбай Қадырбайұлы Қарағойшиннің кандидатурасын ұсынды. Облыс әкімінің ұсынысын халық қалаулылары бірауыздан қолдап, Наурызбай Қарағойшин Жәнібек ауданының әкімі болып тағайындалды.


 

Алтай Сейдірұлы жаңа басшыны аудан активіне таныстырып, Наурызбай Қадырбайұлының басқарушылық қызметте тәжірибесі мол, іскер азамат екенін айтып, жәнібектіктермен алдағы уақытта бірлесіп қызмет атқаратынына сенім білдірді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында оздырылған жиынға аудандық мәслихаттың депутаттары, ауылдық округтердің әкімдері, дербес бөлімдер мен мекемелердің, құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері қатысты.

Janibek akimЖиында сөз алған бұрынғы  аудан әкімі Мұрат Рахметұлы үш жылға жуық уақыт қоян-қолтық жұмыс істеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан аудан активіне шексіз ризашылығын білдіріп,  қасиетті Жәнібек ауданына басшы болып келіп жатырған Наурызбай Қадырбайұлының қызметіне жемісті еңбек тіледі. Осыдан соң Наурызбай Қарағойшин өзіне көрсеткен зор сенімі үшін облыс әкіміне алғысын білдіріп, өзіне жүктелген үлкен сенімді ақтау жолында бар білімін, күш-жігері мен қажыр-қайратын аямай жұмсап, аудан халқымен бірге қызмет атқаратынын жеткізді. Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев және аудандық театрдың режиссері Әлішер Кенжеғалиевтер сөз алып, ауданның бұрынғы басшысы Мұрат Мұқаевтың жаңа қызметіне, ал ауданның жаңа басшысы Наурызбай Қадырбайұлына сәттілік пен жемісті еңбек, зор денсаулық  тіледі.

Өңір басшысы Алтай Көлгінов және облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар бастаған топ  жиналыстан соң ауданымыздағы жастар шағын ауданында болып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша салынып жатқан жаңа тұрғын үйлерді аралап көрді. Жеке кәсіпкер Ескендір Елемесовтің «Әлем» шаруа қожалығына  барып, мал тұқымын асылдандыру жұмыстарының жай-жапсарымен танысып, салынып жатырған жол құрылысының жүру барысын байқап көрді.

                                                               www.zhaikpress.kz

Ахмедияр БАТЫРХАНОВ

                                                               Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале