18.12.2015, 18:17
Оқылды: 26

Жәнібекте жүректі жігіттердің алапат айқасы өтті

 Janibek jyrekti jigitterdin  Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай Жәнібек ауданында жекпе-жектен аудандық ашық турнир оздырылды. Осымен ауданымызда екінші рет өткізіліп отырған білекті жігіттердің додасына Бөкей Ордасы, Тасқала аудандары, Жалпақтал, Жәнібек, Қамысты, Күйгенкөл, Ақоба, Тегісшіл, Тау ауылдары мен Ресей Федерацисының Волгоград облысынан барлығы 50-ге тарта спортшы қатысты.

 Волгоград облысының жігіттерін бапкер, ережесіз жекпе-жектен бес дүркін Ресейдің чемпионы, он үш дүркін аталмыш облыстың чемпионы, қандасымыз Ғаділ Сапаров алып келіп, турнирдің қонағы ретінде таныстырылды. Жарыстың ашылу салтанатында аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов құттықтау сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.


         Ережесіз жекпе-жек сайып келгенде, Рим империясы тұсындағы гладиаторлар айқасының бүгінгі заманға тән үлгісі. Амфитеатрдағы айқас палуандардың бірі жан тәсілім еткенше жалғасып, су боп аққан қызыл қан үлкен шоуды тамашалауға жиналған көрермендердің делебесін қоздыратын. Біздің бүгінгі ережесіз жекпе-жегіміз гладиаторлар бәсекесінің сыпайы түрі.

Дегенмен, төбелеске деген қызығушылық генетикалық тұрғыдан алып қарағанда, біздің бойымыздан жоғала қойған жоқ. Қазір біздің елде осы спорт түріне қызығушылардың саны өте көп. Соның бір айғағы, кешегі байрақты бәсеке өткен залда ине шаншыр орын болмай, халықтың өте көп жиналуы.  Жалпы, ережесіз жекпе-жек – нағыз жүрек жұтқан жігіттердің додасы. Рингке ендің бе, бәрін ұмытып, қарсыласыңды жұлып жеуге дайын болуың керек. «Шын мықтыға тұсау жоқ» демекші, осы турнирге қатысқан барлық спортшылар да баптарында екендігін байқатып, кездесулер айқасқа толы болды. Әсіресе, Жалпақтал ауылынан келген Айдос Есетов пен ақобалық Жансерік Қалмияровтың арасындағы жартылай финалдық бәсеке тартысты өтті. Екі күресші де сенімді көрінді. Кездесу кейде партерде өтіп, кейде файтерлер жоғары қалыпты ұстап кезекпен жұдырық пен аяқ соққыларын қолданды. Айқын басымдылық жоқ, екеуі тең түсіп жатыр. Залда жиналған жұрт енді бір сәтте кездесуді орындарынан тұрып тамашалады. Жансеріктің кезекті тәсілінен кейін Айдос оны ұстап, буындыратын тәсіл қолданғаннан кейін текетірес мәресіне жетті. Жеңіс Айдостың қанжығасында кетті. Тасқалалық Алтынбек Мақашов пен Ресейден келген Дмитрий Гришин арасындағы кездесу де шиеленісті өтті. Екеуі де шебер жігіттер екен. Бір-біріне соққына да аямай жұмсады. Бірақ кездесу сонша ұзаққа созылған жоқ, ұрымтал сәтті мүлт жібермеген Алтынбек Мақашев жеңіске қол жеткізді.

Жергілікті жанкүйерлердің айқай-шуынан ерекше әсер алған файтерлер бір-бірін ауыр соққымен сұлатып салып, мерзімінен бұрын аяқталып жатқан кездесулер де көп болды. Кейбір тәжірибелі ережесіз жекпе-жек шеберлері «гильотина», «үшбұрыш» сияқты әдіс-тәсілдерді қолданып, көрермендердің көзайымына айналып үлгерді. Алты сағат уақытқа созылған батырлардың бәсекесінде шын мықтылар анықталып, нәтижесі төмендегідей болды.

60 келі салмақта өнер көрсеткен жалпақталдық Айдос Есетов жеңіс тұғырынан көрінсе, екінші және үшінші орындарды, сәйкесінше Жайдарбек Рахметов (Жәнібек) пен Жансерік Қалмияров (Ақоба) өзара бөлісті. Алтынбек Мақашевқа (Тасқала) 70 келі салмақта тең түсер қарсылас табылмады. Абай Нұрқатов (Ақоба) екінші орынды иеленсе, жәнібектік Елдос Сайфиденов үшінші орыннан көрінді. 80 келі салмақта бірінші орын Қанат Садықовтың (Жәнібек) еншісінде кетті. Тасқалалық Ержан Бектияров екінші орын, ал Архимед Мұқатов (Жәнібек) үшінші орынды қанжығасына байлады. Аса ауыр салмақта бақ сынаған Серік Самодиянов (Жәнібек) бірінші орын, Мейрамбек Дошимов (Жәнібек) екінші орын және Дулат Рамазанов (Ақоба) үшінші орынды иемденді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ерекше көзге түскен спортшыларға да арнайы аталымдар бойынша дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.

www.zhaikpress.kz

Д.ОСПАН

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале