21.12.2015, 20:08
Оқылды: 19

Жәнібекте кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту мәселелері сөз болды

Janibek kasipkerlik kokjuegi   Бүгін Жәнібек ауданы әкімдігі жанындағы кәсіпкерлердің қоғамдық кеңесі оздырылып, оған кәсіпкерлер, ШҚ жетекшілері, ауыл әкімдері мен мекеме басшылары қатынасты. Басқосуды ашқан аудан әкімі Мұрат Мұқаев осыдан 2 жыл бұрын ауданда құрылған кәсіпкерлердің кеңесі кәсіпкерлік саласында қордаланған мәселелерді шешуде бірқатар істер атқарғанын, нәтижесінде мал шаруашылығын дамытуда жетістіктер баршылығын, атап айтқанда демеуқаржы екі еседен астам артқанын, басым көпшілік шаруашылық құрылымдары мен кәсіпкерлер мемлекет тарапынан көрсетілген жеңілдіктерді дер кезінде пайдаланғанын сөзіне сүйеніш етіп, бұл жұмыстардың одан әрі жалғаса беретінін баян етті. 


              Кәсіпкерлердің қоғамдық кеңесінде Жәнібек колледжінің директоры Берік Ихсанов колледж түлектерінің еңбекке орналасуының жайы жөнінде әңгімелесе, аудандық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Нұрлыбек Мұстаев кеден одағының техникалық регламенттерін көпшілікке түсіндірді. Басқосуда, сондай-ақ аудандық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімдерінің басшылары Роберт Биғалиев пен Наталья Сажина демеуқаржы алудағы өзгерістерді, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасындағы ішінара жаңалықтарды қаузаса, аудандық аумақтық инпекция басшысы Сырымбек Жапақов өсімдіктер карантині туралы хабарлама жасады.

              Кеңес жұмысын қорытындылаған Мұрат Рахметұлы кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуде біраз жұмыстар атқарыла тұрса да, алда әлі де ауқымды істер легі бар екендігін, демеуқаржылар алып, ауыл шаруашылығын дамыта түсу, соның ішінде жаңа субсидия түрлерін алуды көбейтуді нықтап айта келіп, Елбасының Жолдауында қамтылған бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігін жергілікті кәсіпкерлердің де ұдайы есте сақтауын, сондықтан кәсіпкерлер арқылы ауылдағы мұқтаж жандарға көмектесу, қайырымдылық шараларын өткізу ауыл әкімдерінің бұлжымас қағидасы болатынын баяндады.

 www.zhaikpress.kz

Н.Өтей

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале