14.03.2016, 17:50
Оқылды: 24

Жәнібекте Көрісу мерекесі атап өтілді

Janibek koris kyni akim Бүгін  Жәнібек ауданындағы орталық алаңда  алғаш рет 14 наурыз-Көрісу мерекесі оздырылып, оған жұртшылық көп жиналды. Айтулы шарада аудан әкімі Мұрат Мұқаев алаңға жиналған көпшілікті Көрісу мерекесімен құттықтап сөз сөйледі. –Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулыққа ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағалап келген. Бұл тұрғыда біздің батыс өңірінде ғана бұрыннан сақталып, игі дәстүр ретінде ұрпақтан-ұрпаққа табысталып келе жатқан Көрісудің мәні зор.


Елбасының салиқалы саясатының нәтижесінде Қазақстанда ұлтаралық келісім, бейбітшілік пен тұрақтылық орнықты. Мұнда да адамдарды жақсылыққа шақырып, рухани құндылықтарды сақтауда Көрісу мерекесінің орны ерекше. Сондықтан бұл мереке халқымыздың символы болып қала береді,-деді аудан әкімі өз сөзінде. Бұдан соң орталық алаңда мерекеге арналған аудан көркемөнерпаздарының концерті болып, онда әсем әндер шырқалып, тәтті күйлер күмбірледі. Концерт аяқталғаннан кейін аудан әкімі бастаған топ орталық алаңда тігілген киіз үйлерге беттеді. Атап айтқанда, Т.Жароков отауында ақсақалдармен бірге ақтан дәм татып, дастарханға алғысын білдірсе,  М.Ықсанов отауында аудан әкімі сәбидің тұсауын кесті. Сол сияқты Ғ.Қараш отауында қонақтарды аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары ән-жырмен қарсылады. Бұл отауға енген аудан басшысы мен ата-әжелер дастархан басында емен-жарқын әңгімелесіп, алдарына тартылған шеке мен бастан ауыз тиді. Мұнда аудан басшысы Мұрат Мұқаев пен ақсақалдар қауымы Көрісу мейрамының тарихы мен мән-маңызын дастархан басына жиналғандарға баса көрсетіп айтты. Ал Қ.Мусин отауында жастар бір-бірімен көрісіп, үлкендердің батасын алды.   Сөйтіп, аудан орталығында алғаш атап өтілген Көрісу  мерекесі өзіндік ерекшелігімен көпшіліктің есінде қалды.

www.zhaikpress.kz

                                                                       Н.Өтей

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале