1.04.2016, 16:32
Оқылды: 31

Жәнібектіктер Астанадан жүлдемен оралған жас бард әншілерді қарсылап алды

Janibek astanadan orinmen oraldi     Жуырда Астана қаласында жас бард әншілердің «Струнная капель» аймақтық фестивалі өтті. Еліміздің әр қиырынан жас дарынды өнерпаздарды біріктіретін бұл байқау жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Аталған жарысқа Жәнібек ауданының жас бард әншілері қатысып, облыс намысын қорғады. Байқау қорытындысы бойынша үш екінші орын және жалпы командалық үшінші орын жәнібектіктердің еншісіне тиді. Атап айтсақ, Айшат Хамзина 15 жасқа дейінгі оқушылар арасында өткен сайыстың «Қазақ ақындарының сөзіне жазылған әндерді орындау» аталымы бойынша да, «Жеңіс туралы әндер» аталымы бойынша да жүлделі екінші орынды иемденсе, «Автор» аталымы бойынша Расул Ерназаров екінші орыннан көрінді.


     Ал, ансамбльдер арасындағы сайыста жәнібектіктер жүлделі үшінші орын алыпты. Облысымыздың абыройын асқақтатып, елге қуанышты хабармен оралған жас өнерпаздарды аудан әкімдігі мен өзге де мекеме қызметкерлері, ата-аналар және ауыл тұрғындары қарсылап алды. Ата-аналар атынан Меркен Кенжеғалиев, Назым Құбаева, Анар Қисметова оқушыларды республикалық байқауда сәтті өнер көрсетулермен құттықтап,  ізгі тілектерін арнап жатты.

     Оқушылар байқаудан алған әсерлерімен былайша бөлісті: -Біз бірнеше рет облыстық жарыстарға қатысып, жеңімпаз да атанып жүрдік. Ал, республикалық байқауға бұл тұңғыш рет қатысуымыз. Алғашында елордамыз Астана қаласында өнер көрсететінімізді естігенде толқығанымыз рас. Сондықтан, бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Мұндай деңгейдегі сайыстан жүлделі орындар алғанымызға қатты қуанып тұрмыз.

     Жас әншілердің жетекшісі, аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Меңдігүл Қуанәлиева сенім білдіріп, жан-жақты қолдау танытқан жәнібектіктерге ризашылығын білдірді. Елордадан олжалы оралған оқушылар өздерін құттықтап келген барша ауыл тұрғындарына арнап «Астана» (Расул Ерназаровтың авторлық туындысы), Абайдың «Көзімнің қарасы» әндерін орындап берді.

www.zhaikpress.kz

 Д.ОСПАН

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале